АҚШ-та сценаристер наразылық акциясын бастады

Голливудтан маза қашты. Сценаристер наразылық акциясын бастады.

Оған 11 мыңнан аса адам қатысуда. Соңғы рет мұндай жағдай 15 жыл бұрын тіркелді. Шара 100 күнге жалғасып, Калифорния штатының бюджетіне 2 миллиард доллар шығын келтірген еді. Бұл жолы сценаристердің талабы қандай?

1 мамырда Америка сценаристерінің гильдиясы мен Дисней, Нетфликс секілді ірі студиялар арасында келісімшарттың мерзімі аяқталды. Оны ұзартуға қатысты келіссөздер бірнеше апта бойы жалғасқан. Алайда тараптар бір мәмілеге келе алмай отыр. Мәселе ақшаға келіп тіреледі. Сценаристер гонорарларына көңілі толмайтынын айтады. Қолда бар мәлімет бойынша, олардың тең жарымы минималды жалақы алады. Бұрындары, мәселен, телеарналардан сериалдардың әр көрсетілімі үшін сыйақы төленетін. Қазір ондай мүмкіндік азайған. Өйткені көбі интернет арқылы көрсетіледі. Ондағы төлемдер өзгеше. Авторлардың келісімшартты ұзартудан бас тартып отырғаны да осы. Сөйтіп 11 мыңнан аса адам жиналып, Лос-Анджелестегі Нетфликс компаниясының алдында наразылық акциясын ұйымдастырған.      

Эллен Штуцман, АҚШ-тың сценаристер гильдиясының өкілі:

- Келіссөздер 6 аптаға жалғасты. Ешқандай нәтиже бермеді. Сценаристердің алатын жалақысына Лос-Анджелес, Нью-Йорк секілді өмір сүру деңгейі қымбат қалаларда күн көру мүмкін емес. Бізді Ұлыбритания, Канада мен Оңтүстік Кореядағы шетелдік әріптестеріміз қолдап отыр. Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Ереуілдің ұзаққа жалғасқаны бізге де тиімді емес. Сондықтан екінші жақ біздің талаптарымызға құлақ асса екен.

Наразы топ: Жасанды интеллект қауіп төндіреді

Наразы топтың тағы бір талабы бар. Олар киностудиялардан жасанды интеллектті қолданудан бас тартуын сұрап отыр. Өйткені қазір технология сценарий жазу үшін кеңінен қолданылып келеді. Ал бұл авторларды табысынан айырып отыр.  

Остин Каррери, сценарийші:

- Иә, жасанды интеллектен төнген қауіп зор. Оның кесірінен жеп отырған нанымыздан айырылып қалатын түріміз бар. Технологиялар тек бізге ғана емес, оператор, жүргізуші секілді мамандарға да қауіп төндіреді. Сондықтан олар да біздің ереуілге шыққанымызды қолдап отыр.

Былтыр АҚШ-та "Қауіпсіз аймақ" атты толықметражды фильм жарық көрді. Ол толығымен жасанды интеллектің көмегімен түсірілген әлемдегі ең алғашқы ірі жоба болды. Сондықтар сарапшылар киноиндустрия саласы өкілдерінің жұмыссыз қалуы үшін алаңдауы бекер емес дейді. Бұл оймен осы "жасанды сананың өкіл әкесі" деген лақап атқа ие Джеффри Хинтон да келісіп отыр. Өмірінің жартысын осы технология арнаған маман нейрожүйелер болашақта еңбек нарығындағы ахуалды өзгертіп, көп маманды алмастыруы мүмкін деп қауіптенеді. Сценарийстер соңғы рет 2007-жылы ірі ереуіл ұйымдастырған. Ол кезде шара 3 айдан аса уақытқа созылып, 2 миллиард доллар шығын келтірген. Өйткені көп жобаның түсірілімі тоқтап қалған. Бұл жолғы наразылық акциясы қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Бірақ шара шоулардың күзгі маусымына кесірін тигізуі мүмкін. Өйткені оларды сценариі әдетте мамырдан бастан жазылады. Ал қазір онымен айнаылсатын мамандар жұмысты ысырып қойып, ереуілге қатысуда.