БҰҰ-да Қазақстан баяндамасы тыңдалды

Адам құқықтарын қорғау туралы Қазақстан делегациясының төртінші мерзімді баяндамасы БҰҰ қабырғасында тыңдалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азаптауға қарсы Комитеттің 76-шы сессиясы халықаралық сарапшылар арасында сындарлы диалогқа ұласты.

Жанат Эрнст, тілші:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптауға қарсы Конвенциясына мүше елдер өз баяндамаларын әр 4 жыл сайын ұсынады. Ұйым Комитетінің 10 тәуелсіз сарапшысы елдердің Конвенция ережелерін және бұрынғы ұсыныстардың орындалу барысын бақылайды. Бұл жолы еліміз төртінші мерзімдік баяндаманы ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі саяси және құқықтық реформалары – БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінде айтылған басты тақырыптың бірі. Азаптау мен қатыгездіктен қорғау, өлім жазасын жою, Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институтын нығайту жөніндегі шаралар күн тәртібіне шықты.

Игорь Рогов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы:

- Біздің Конституциямызда заңсыз жолмен алынған жағдайлар дәлел бола алмайды деп айтылған. Басқа шараларды, соның ішінде бақылауды, бейнебақылауды қолдану қажет. Қылмыстық істерді полиция органдарымен қатар прокурорлар тексереді деген Президент шешімін бәрі оң бағалады. Мен Комитет ұсынған ұсыныстарды әдістемелік, ұйымдастырушылық көмек ретінде қарастырамын. Мұндай есептер өте пайдалы.

Комитет мүшелері елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға баға берді. Сарапшылар Мемлекет басшысы осы жылдың наурыз айында қол қойған азаптауға қарсы күресті күшейту жөніндегі жаңа заңның, Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялауының және басқа да шаралардың маңызды рөлін атап өтті.

Клод Хеллер Руассан, БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің төрағасы:

- Ұсынылған ақпарат өте қызық. Біз трибунал да, саяси ұйым да емес, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті екенімізді атап өткім келеді. Сондықтан біз Қазақстанға барлық заңнамалық актілерді біздің Конвенциямызға сәйкес келтіруге көмектесетін ұсыныстар береміз. Реформалар процесі Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейді деп сенеміз.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, түрмеде медициналық қызмет көрсетуді Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру бойынша қабылдаған қадамдарын ерекше атап өтті.

Анна Раку, БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің вице-төрағасы:

- Бүгінгі диалогта көрініс тапқан оң аспектінің бірі – өлім жазасы жою, адвокатқа қол жеткізуге, медициналық тексеруге қатысты қылмыстық іс жүргізу нормаларын жетілдіру айтылды. Қаңтардағы оқиғаға қатысты құрбандар тиісті өтемақы алатын кезеңге жетеді деп үміттенемін.

Жанат Эрнст, тілші:

- Отырыс қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитет мүшелері адам құқықтары саласындағы шараларды одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Тараптар өзара диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.