Қытаймен визасыз режим орнауы мүмкін
Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен бірінші болып Қытаймен визалық талаптардан өзара босату туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Сарапшылар бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделін айғақтайды, деген пікірде. Дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап Қазақстан мен Қытай әрқашан тату көршілік, өзара достық саясатын ұстанып келеді. Екі ел арасындағы визасыз тәртіп туралы келісімге әзір қол қойылған жоқ. Құжат екі тарап ратификациялағаннан кейін ғана күшіне енеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің Қытай және Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы 31,9%-ке өсті. Осылайша өзара сауда-саттық 32,1 млрд АҚШ долларына теңелді. Жыл сайынғы өсім тараптардың экономикалық және инвестициялық белсенділігінің артқанын білдіреді. Әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі қарыштап, рекордтық 24 млрд доллардан асты. Оның ішінде, отандық өнімнің көрші елге экспорты үштен бірге ұлғайды.
Мирас Жиенбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші сарапшысы:
- Таяу арада қол қойылуы мүмкін бұл келісім бізді Қытаймен байланыстыратын мемлекетаралық кешенді қарым-қатынастардың заңды жалғасы болып саналады. Қазір Қазақстан мен Қытай азаматтары екі елдің аумағында қысқа мерзімде болуға мүмкіндігі бар. Енді бұл мерзімді күнтізбелік 1 айға дейін ұзарту жайында әңгіме қозғап жатырмыз. Бұл Қазақстанның да, қыфтайдың да көптеген азаматтары үшін кең мүмкіндік туғызады. Екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуының үйлесімді жалғасы деп есептеледі.
Экономистердің айтуынша, бүгінде Қытай нарығы қазақстандық өнімдердің тұрақты әрі сенімді тұтынушысы. Сол себепті еліміз өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағытында қосымша 135 тауар түрін ұсынуға дайын. Визасыз режим сөзсіз экономикалық байланыстарды нығайтуға оң ықпал етеді. Бұл отандық шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашу, трансшекаралық сауданы жаңа қарқынмен дамыту. Өткізу бекеттеріндегі жағдайды жақсартуға да негіз болмақ.
Аман Мамбетәлиев, саясаттанушы:
- Ашық түрде айту керек деп ойлаймын, біздің кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер бар. Біз біріншіден ЕАЭС-қа кірген соң бізде таможенный союз болғаннан кейін біз ашық түрде тауарды өткізе аламыз. Өзіміз барып жұмыс жасай аламыз, компания болып мемлекеттік закуп тендерге қатыса аламыз дегендей. Біз орталықтағы ежелгі жібек жолын қайта оятып жол ашатын таза мүмкіндік бар ол қытайдың тауарларын еуропаға жеткізу оны біздің азаматтар істей алады. визасыз кіріп келісімшартқа қол қойып дегендей.
Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі жағынан Нидерланд, АҚШ, Швейцариядан кейін 4-орында тұр. Визасыз режим туралы келісім орнаса, ғылым мен білім саласындағы қатынастар да нығаяды. Бүгінде 3 жарым мыңға жуық қазақ студенті Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алуда. Болашақта осындай студенттердің ата-аналары кедергісіз жүріп-тұруына мүмкіндік туады.
Меруерт Бәйдеш, туроператор өкілі:
- Визасыз режим егер қабылданатын болса, Қазақстандағы туризм саласындам жұмыс жасап жүрген компанияларға, туроператорларға үлкен мүмкіндіктер ашылып жүр. себебі біздің құдай қосқан көршіміз қытай еләнен туристердің саны ағылып келеді ол едегеніңіз елге ақша келеді жұмыс орындары пайда болады. Біз ішкі және кірмелік туризммен айналысатын оператормыз.
Бұл уағдаластықтар визалық шектеулерді өзара алып тастауды көздейді, яғни, қазақстандықтардың Қытайға түрлі мақсатпен кедергісіз бара алады. Іскер топтар арасындағы байланыстың қарқын алатынына сенім бар. Биыл аспанасты елімен визасыз тәртіп Сауд Арабиясы, Қатар, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Сербияда қолданысқа енген.