Сирия Араб лигасына қайтадан қабылданды

Аталған шешім Мысыр астанасы Каирде өткен Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде қабылданған.

Сарапшылар бұл аймақтағы босқындардың заңсыз көші мен есірткіге қарсы күресті жандандыруға септігін тигізеді дейді. Десе де араб елдерінің арасында әлі де ауызбіршілік болмай тұр. Біріккен Араб Әмірліктері Сириямен қарым-қатынасын жақсартуға ұмтылса, Қатар керісінше екіжақты байланыс орнатуға қарсы. Ресми Дамаскі Лиганың құрамынан осыдан 12 жыл бұрын шығарылған болатын. Ол кезде президент Башар Асадқа көшеге шыққан бейбіт халыққа оқ атты деген айып тағылды.

Ахмед Абул Гейт, Араб лигасының бас хатшысы:

- Сирияның оралуы жаңа іс-қимылдың бастамасы. Бұл елдегі дағдарысты шешуге біраз уақыт керек. Әзірге Сирия үкіметімен байланыс орнатып, жұмысты үйлестіретін арнайы комитет құрылады. Араб елдерінің ресми Дамаскімен қарым-қатынасын жандандыруы - әр мемлекеттің жеке шаруасы. Біз оған араласпаймыз. Біз тек Лиганың атынан әрекет етеміз.