АҚШ-та оқушылар сабаққа жаңа кесте бойынша барады
Сабаққа таңғы 7 жарым емес 10-ға таяу келсе қалай болады? АҚШ осындай бастама көтеріп жатыр.
Бұған, әрине, қуанып жатқандар көп. Әсіресе балалар мәз. Бірақ жаңашылдыққа қырын қарайтындар да аз емес секілді.
Сөйтіп, ерте тұрған мен кеш оянғанның пайдасы қандай? Америкалықтардың не ойлағаны бар?
Жаңа бастама Пенсильвания штатында қолға алынған. Жоғарғы Дарби орта мектебіндегі сабақ таңғы 7 жарымнан 9:45-ке ауыстырылды. Түскі 3-те аяқталады. Бұл өзгерістің жалғыз мақсаты бар, - дейді бастамашылар. Сабақты кеш бастау арқылы оқушылардың өмірін жеңілдетіп, ми қызметін жақсартуға болады.
Мэттью Аллоуей, Жоғарғы Дарби мектебінің директоры:
- Кестені өзгерту оқушылардың уақытын тиімді құруға мүмкіндік береді. Ұйқысы қанған балалардың ойы ұшқырланып, миы толық болады. Біз менталды саулыққа бірінші кезекте мән беруіміз керек. Оқушылардың ұйқысы қанады, таңғы асты асықпай, молынан жеуге жеткілікті уақыты болады.
Мамандар ұйқысы қанбай, сабаққа ерте келген оқушылардың бойында реніш, үмітсіздік және торығудың көп болатынын алға тартады. Бұл теріс сезімдер баланың ынтасын жойып, өмір сүру сапасына кері әсер етіп, тіпті өзіне қол жұмсауға итермелейді екен. Жеткіншектер жаңа бастаманың жақсылығын сезіне бастағанын айтады.
Халид Дулат, 12-сынып оқушысы:
- Жаңа кестенің жаңа әсері өте көп. Оны қазірден байқап жүрмін. Мектепке күліп, көтеріңкі көңіл күймен келетін болдық. Жағымды өзгерісті құрбы-құрдастарымның бәрі сезініп жатыр деп ойлаймын.
Фатима Афрани, 9-сынып оқушысы:
- Мына кесте ыңғайлы екен. Бұрын мектептен үйге қатты шаршап келетінмін. Қазір өзімді тың сезінемін. Кешке ерте ұйықтап, таңертең ерте тұрып, үй тапсырмасын сергек көңіл күймен орындауға мүмкіндігім болады.
Әзірге сабақты кешірек бастау кестесіне Денвер, Филадельфия, Анкоридж қалалары мен Аляка штаты көшті. Бұл өзгерісті сынайтындар да бар. Олар оқу сағаты қысқарып қалды деп шағымданады.
Авторы: Ернат Мелсұлы.