БҰҰ Газа секторындағы 200 мыңнан астам адамға азық-түлік беруді тоқтатады
Біріккен Ұлттар Ұйымы Газа секторындағы 200 мыңнан астам адамға тегін азық-түлік беруді тоқтататын болды.
Шешім келесі айдан бастап күшіне енеді. Бұған халықаралық қауымдастықтың қайырымдылық қорына ақшаның жеткілікті түрде түспей жатқаны себеп дейді мамандар. Ай сайынғы азық-түлік себеті әр адам үшін 10 жарым долларды құрайтын.
Айта кетейік, «Хамас» ұйымы басшылық ететін Газа секторында 2 миллион 300 мың адам тұрады. Олардың 80 пайызы халықаралық көмек есебінен күнкөреді. Жергілікті тұрғындардың 45 пайызы жұмыссыз. «Хамас» билігіне қарсы Израиль мен Мысыр Газа секторына барыс-келіс пен алыс-берісті шектеп тастаған.
Фарадж Әл-Масри, жергілікті тұрғын:
- Біздің жалғыз қорегіміз осы тегін тамақ болатын. Оны беруді тоқтату туралы хабар бізге кісі өлімін естірткінмен бірдей. Өйткені бізде басқа күнкөріс көзі жоқ. Бұл жерде жұмыс істеп, табыс табу мүлде мүмкін емес.