Аргентинаны қымбатшылық қысып тұр
Аргентиналықтарды қымбатшылық қыспаққа алып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Наурызда инфляция деңгейі 104% болды. Бұл – кейінгі 32 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сәуірдің статистикасы әлі жария етілген жоқ. Бірақ алдын-ала есептеулер бойынша инфляция 130%-ке дейін жетуі мүмкін. Соның салдарынан әсіресе азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Мемлекет кейінгі жылдары күрделі экономикалық дағдарысты өткеріп жатыр. Оның үстіне алапат қуаңшылық та ахуалды ушықтырды. Өйткені Латын Америкасындағы бұл ел өңірде астықтың ең ірі экспорттаушысы саналады. Қазір Аргентинаның әрбір төртінші тұрғыны кедейліктің қамытын киген.
Оливия Мария Бельбруно, зейнеткер:
- Соңғы рет базарға келгенімде бұрыштың бір келісі 300 песо тұратын. Қазір баға екі есе өсіп кеткен. Алманың да құны шарықтап кеткен. Біз секілді зейнеткерлер не істеу керек сонда? Сүт пен кофе ішіп күн көруіміз керек пе?