Германияда электроскутерді 14 жастан бастап тізгіндеуге рұқсат етілді
Германияда электр скутерді 14 жастан бастап тізгіндеуге рұқсат етілді.
Алайда жол жүру ережесін білуі шарт. Мысалы, сигнал бермеcе бұрылуға тыйым салынады. Өйтпеген күнде айыппұл 25 еуро. Дегенмен қатаң шараларға қарамастан елдегі апат саны азаяр емес.
Электр скутерлері Германияда үлкен сұранысқа ие. Мәселен, бір ғана Берлинде олардың саны 50 мыңнан асады. Бұл елде жеке және жалға алынған әрбір скутердің нөмірлік белгісі бар. Бұдан басқа, ол сертификатталған және сақтандырылған болуы шарт. Тұрғындар да, туристер де екі доңғалақты көлікті белсенді пайдаланады.
Себастьян, Берлин тұрғыны:
- Мен электр скутерін жиі қолданамын, әсіресе, қысқа қашықтықты еңсеру керек болса. Бағасы қымбат емес. Қалада көптеген велосипед жолдары бар. Негізінде мен жалға алудың орнына жеке екі доңғалақты көлікті сатып алуды ойлап жүрмін.
Лини, турист:
- Біз басты туристік жерге - Бранденбург қақпасына өте тез жеттік. Менің ойымша, жылдамдық сағатына 25 км болды. Скутермен қысқа қашықтыққа жүру өте ыңғайлы және бағасы қолжетімді.
Скутер жүргізушілеріне велосипед жолдарымен жүруге рұқсат етілген. Бірақ жаяу жүргінші аймағына шығуға тыйым салынады. Максималды рұқсат жылдамдық сағатына – 20 шақырымға дейін.
Христиан, тұрғын:
- Бұл экологиялық таза көлік. Сол себепті оған тыйым салудың қажеті жоқ, бірақ қатаң талаптар ауадай қажет. Мәселен, кей адамдар оны кез келген жерге тұраққа қойып, тастап кетеді. Жаяу жүргіншілерге осылайша кедергі келтіреді. Ал баламен бірге зытып жүретіндер, тіпті, ашуыма тиеді. Қауіпсіздік ережесін қатаңдатқан жөн!
Заң бойынша тротуарды басқаны үшін олар 30 еуроға дейін жазалануы мүмкін. Қызыл шамға өтсе, 200 еуро айыппұл. Мас күйінде айдаса, 500 еуро қалтадан қағылады. Себебі, елдегі жазатайым оқиғаның 80%-ында айыпты – ережені сақтамаған скутер жүргізушілері. Тіпті өткен жылы 11 адам опат болды. Электр скутерлеріне билік тыйым салуға ниетті емес, бірақ полицейлер кәсіподағында ережелерді қатаңдату көптен бері талап етіліп келеді.
Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева