Қытай балалары домбыраға әуес
Қытайда қазақтың қара домбырасын үйренемін деуші қытай балаларының саны артты.
Домбыраның арнайы курсынан өткен соң олар Қазақстанға келіп, білімдерін шыңдамақ.
Қаладан қашық тұратын Лан Тянь Бейжіңге айына бір рет келеді. Ондағы мақсаты – ойын-сауық құру емес, домбыра үйрену. Қазақтың қасиетті домбырасына деген қызығушылығы осыдан екі жыл бұрын ансамбль орындаған күйді естіген соң, оянған.
Ши Дэхуа, анасы:
- Біз алыста тұрамыз, сондықтан, әдетте, ұлым аспапты онлайн үйренеді. Бейжіңге айына бір келеміз. Ұшақпен ұшып келу 3 сағат алады. Мереке кезінде келуге тырысамыз, себебі, қосымша сабақты қатар алып кету мүмкіндігі туады. Ұлым домбыраны өте жақсы көреді. Ал біз ұлымыздың осындай ерекше аспапты таңдағанын құп көрдік.
Лань Тянь мектептегі сабағынан кейін, домбыра үйірмесіне келіп, 1,5 сағат дәріс алады.
Лань Тянь, оқушы:
- Домбыраның үні ғажап және ол өте әдемі аспап. Ал домбырада ойнап отырған жігіт, тіпті, әдемі көрініс.
Лан Тяньның ұстазы: "домбыра - балаларға оңай үйренуге болатын аспап", - дейді. Бүгінде Бейжің балаларына аспапта ойнауды үйретін жүрген Лю Хуэй домбырамен алғаш 13 жасында танысқан. Ол ұстазы Иманәлі Төлеубайдың алғашқы шәкірті екенін еске алды. Әлі күнге дейін, қазақ ұстазының оқу құралы бойынша сабақ береді.
Лю Хуэй, ұстаз:
- Қазір Қытайда домбыра өте танымал, орындаушылар оның сүйемелдеуімен ән айтқанды ұнатады. Олар үшін бұл – керемет гармоникалық құрал. Балаларға келетін болсақ, мұнда домбыраның танымалдығы оның әуезділігіне байланысты, дыбыстар жүрек тереңдігімен синхрондалады. Балалар бұл құралды өте жақсы көреді.
Ал Қытайдың Мемлекеттік балалар орталығында домбыра сыныбы 2 жыл бұрын ашылды. Оқытушының айтуынша, бұл – ҚХР астанасындағы балаларға қазақ ұлттық аспабын үйрететін жалғыз орталық.
Лю Хуэй, ұстаз:
- Менің тобымда негізінен моңғолдар, ше ұлтының өкілдері мен қытай балалары бар. Мен балаларға күйлердің тарихын, әртүрлі ертегілерді айтып отырамын.
Топтағы үлкен балалардың жасы 13, ал ең кішісі – 4-тегі балақайлар.
Ұстаздың айтуынша, сабаққа қатысып жүрген оқушылардың бір бөлігі Қазақстанда – домбыраның отанында оқуын жалғастыруға ниетті.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Ботагөз Сырғабаева