Астрахан қазақтары «Жайлау той» өткізді
Дүбірлі аламан бәйге, бауырсақ шоу мен қазақша күрес.
Астрахан қазақтары мыңдаған адам жинаған «Жайлау той» өткізді. Бұл мерекелік шара Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Астрахань қаласының ортасында күй атасы Құрманғазыға ескерткіш орнатылған. Бұны Қазақстан қаланың 450 жылдығына сыйға тартты. Ескерткішті жергілікті халық екі ел достығының символы ретінде қабылдап, бұл жерді достық алаңы деп атап кеткен. Этнограф Акселеу Сейдімбек әйгілі күйшіні – «қазақ ренессансының алғашқы жез қанат қарлығашы» деген болатын. Биыл өнерімен ұлт ұйытқысы болған Құрманғазының 200 жылдығын Астрахань өңірі де атап өтуде. Қазақ жерінде кіндік қаны тамған ұлы күйші Алтынжар ауылында жерленген. Соңғы жылдары жергілікті қазақтар құрылтайларын да, мерекелерін де Құрманғазы бейітінің қасында салынған мәдени орталықта өткізетін болды.
Құрманғазының қос ғасырлық тойы ЮНЕСКО деңгейінде 2018 жылы аталып өтті. Дегенмен, жергілікті архивте табылған құжаттарда ол 1823 жылы дүниеге келген делінген.
Қуаныш Ғинаятұлы, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны
- Қазақстанның Батыс Қазақстан облысынан, Оралдан, Атырау және Маңғыстау облысынан, Актаудан осы жаққа келіп, мына қуанышты бөлісуге келдік. Негізінен Құрманғазы атамыздың тікелей ұрпағымыз. Архивтегі мәліметтерменен жергілікті құлпытастарды салыстыру арқылы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы болғандығы қағаз жүзінде дәлелденді деп есептейміз.
Жайлаудағы тойға келген қауым қазақ күресі мен садақ ату секілді түрлі спорттық сайысқа қатысты. Ал дүбірлі дода — аламан бәйге мереке сәнін келтірді.
Ғаділбек Қудырбаев, бәйгені ұйымдастырушы:
- Аламан бәйге қазақтың шабысы, бірінші жыл болып жатыр осында. Ешқашан болған жоқ. Аруақты жерде, Құрманғазын бабамыздың бауырында. Ойлап ойла бірінші орынға ахалтеке атын салдым, екінші орынға сиыр малы, үшіншісі қой. Біз мұнда өз дәстүрлерімізді ұстаймыз.
Тойдың аясында Шөмішбай Сариев атындағы әншілер сайысы өтті. Ән додасына Қазақстанның Астрахань облысындағы бас консулдығы мұрындық болды. Сондай ақ қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында балалар арасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды. Жеңімпаз Бурабайдағы балалар лагеріне жолдама алды.
Әлия Ғұмарова, қазақ тілінің мұғалімі:
- Астрахан облысындағы бас консулдың ұйымдастыруымен бізге осы тоғыз қумалақ ойындары таратылған болатын. Астрахан облысындағы он бір жолдастық қоғамына, мектепке. Осыған байланысты бүгінгі күні бірінші рет өтіп жатыр. Бүгінгі сайысқа, тоғыз құмалақ ойнауға Астрахан облысының Алтынжар аулындағы Құрманғазы атындағы мектебінен он бала қатысып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тойға бес мыңға жуық адам жиналды.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров