Саяси сарапшы: Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар тереңдей түседі

Түркияда жалпыхалықтық сайлау өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туыстас жұрт 14 мамыр күні президент пен парламент депутаттарын сайлайды. Таңғы сағат 8-де басталған науқан жергілікті уақыт бойынша кешкі 5-ке дейін жалғасады. Қазір 191 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Онда 60 миллионнан астам дауыс беруші өз таңдауын жасауы тиіс. Апаттық аймақтағы 14 провинция да  науқанға қатыса алады. Сайлау қорытындысы қандай болса да, қазақ-түрік қатынастары дами береді. Арадағы алыс-беріс алдағы жылдары арта түсуі тиіс. Көздеген меже іске асуы үшін екі мемлекет те бар күш-жігерін салады, -дейді саяси сарапшы Амангелді Құрмет.

Амангелді Құрмет, саяси сарапшы:

- Түркияда өтетін сайлаудың нәтижесі қандай болса да, Қазақстан мен Түрік Республикасы арасындағы байланыстар сол күйінде қалады және тіпті тереңдей де түсуі мүмкін. Өйткені қазір екі ел арасындағы тауар айналымы 5 млрд доллар шамасына жетті. Біз соңғы 25 жыл бойы бұл тауар айналмын 10 млрд долларға жеткізу бойынша меже қойғанбыз. Сондықтан екі ел бұл межеге жету үшін барын салады. Мынау Түркі мемлекеттері ұйымы қазір жаңа деңгейде жұмыс істеп жатыр. 2040 жылға дейінгі өзара дамудың, ынтымақтастықтың, интеграцияның жоспарын бекіткен. Оған көптеген бағыттар қамтылды. Демек Түркия бұл бағыттан айнымайды деп есептеймін.