Түркияда дауыс беру аяқталды. LIVE
Осыдан бір сағат бұрын Түркияда президент пен парламент сайлауына дауыс беру аяқталды. Сайлаушылардың белсенділігі қалай?
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Бүгін жергілікті уақытпен таңғы 08:00-де басталған сайлау процесі осыдан бір сағат бұрын 17:00-де аяқталды. Түркияның кейінгі тарихын белгілейтін саяси додаға қатысушылардың қарасы қалың болды. Сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезекте тұрған халық шамамен 1 сағатта дауыс берді. Олардың ең үлкені 112 жаста болса, биыл бірінші рет азаматтық борышын өтейтіндер – 4 млн 904 мың 672 адам. Өкінішке қарай, елдің Ризе мен Трабзон қалаларында 2 кісі сайлау учаскелеріне барған тұста жүрек талмасына ұшырап, өмірден озды. Сауалнама жүргізген орталықтар мен сарапшылардың пікірінше, бұл жолғы сайлауға 90% азамат қатысады деп болжаған. Дегенмен нақты нәтиже түні бойы 81 провинциянікі бөлек-бөлек жарияланады. Қазірдің өзінде Әділет және даму партиясы мен Республикалық халық партиясы штабында «жеңіс баяндамасына» дайындықтар басталды. Оны төрткүл дүниеден келген БАҚ өкілдері мен қауіпсіздік сақшылары күзетеді. Сонымен қатар саяси процесті бақылау үшін әртүрлі ел мен ұйымнан арнайы өкілдері келген. Солардың ішінде Қазақстаннан келген бақылаушылар да бар. Олар парламент, Түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы атынан және тәуелсіз бақылаушылар ретінде келген. Елімізден келген 2 бақылаушымен тілдесіп көрген едік.
Бекболат Орынбеков, Сенат депутаты, ТүрікПА бақылаушысы:
- Әр партияның және 3 президенттің қатысып отырған өкілдерімен толық пікірлесіп шықтық. Жалпы сайлау негізгі заңға сүйеніп өткізіліп жатыр. Бізге арнайы келіп, шағымдар түскен жоқ. Шағымдар сағат 5-тен кейін болатын шығар. Сол себептен, сайлау заңға сәйкес әрі ашық түрде өтіп жатыр деп білемін.
Самат Мұсабаев, Мәжіліс депутаты, ТүрікПА бақылаушысы:
- Халықтың саяси санасы өте жоғары екен. Өздерінің президентін сайлауға деген құлшынысы өте мықты. Бір мектепте 13-17 сайлау учаскесі бар. Әрбірінде 250-300 адам бар. Түске дейіннің өзінде бірге дейін 60-65% адам таңдауын жасап жатыр. Сайлау комиссияның мүшелері 6 адамнан тұрады екен. Оның 4-еуі саяси партиядан. Олардың бәрі алдын-ала тест тапсырып, сертификат алып, бір күндік жалақы алады екен. Бұл жерде бақылаушылар қажет емес. Себебі саяси партиядан бақылаушылар ішінде отыр.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- 3 млн 416 мың 98 сайлаушы үшін әлемнің 73 еліндегі және 156 жеріндегі шетелдік өкілдіктерде сайлау учаскелері құрылды. Айта кетерлігі, шетелде өмір сүретін түрік азаматтарына дауыс беру үшін арнайы жүйе құрылған. Шетелдік өкілдіктерде дауыс беру процесі 9 мамырда аяқталған. Дегенмен тұрғылықты жерінде белгіленген мерзімде дауыс бере алмағандардың кеден қақпаларында дауыс беру рәсімдері сағат 17:00-ге дейін жалғасады.
Президенттікке 3 үміткер – қазіргі мемлекет басшысы, Әділет және даму партиясы (АКП) жетекшісі Режеп Тайып Ердоған, «Халық альянсы» партияларының бірыңғай кандидаты Кемал Кылычдароғлу және АТА альянсынан (Аталар альянсы) үміткер Синан Оған бар. Бюллетеньде 4 кандидат бар. Дегенмен 11 мамыр күні Мемлекет партиясының жетекшісі Мухаррем Инжи өз еркімен бас тартқан болатын. Бұдан бөлек, XXVIII мерзімді Парламентті анықтау үшін өтетін жалпы сайлауға Түркия бойынша 24 саяси партия мен 151 тәуелсіз депутаттыққа үміткер қатысады. Кейбір саяси партиялар сайлауға «Республика», «Ұлт», «Ата», «Еңбек және бостандық» және «Социалистік күш одағы» деген атаумен 5 түрлі одақпен бақ сынады. Тағы да айта кетейін, алдын-ала нәтиже бүгін таң ауа белгілі болмақ.