Түркияда президенттікке үміткерлер дауыс берді

Түркиядағы сайлау қызу жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таңғы сағаттардан бастап сайлау учаскелеріне келушілердің қарасы қалың.

Бауырлас түрік халқы бүгін өз таңдауын жасайды. Елде электорат белсенді. Қоғамдық сауалнама жүргізген компания өкілдері сайлаушылардың 90%-ке жуығы дауыс беруі мүмкін дейді. Тіпті апаттық аймақтан көшіп кеткен тұрғындар азаматтық борышын өтеу үшін туған жеріне оралып жатыр. Өйткені сол жақтағы сайлау учаскесіне тіркелген екен.

Сухейла Азази Гөк, Хатай тұрғыны, сайлаушы:

- Біз сайлауға қатысу үшін мұнда қайта оралдық. Әрине, апат кезінде достарымыздан айырылып қалдық. Бірақ жарқын болашаққа таңдау жасау үшін осында келдім.

Елде қауіпсіздік шаралы барынша күшейтілген.  81 провинцияда 601 мың сақшы халықтың тыныштығын күзетіп отыр. Елдің қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоған жергілікті уақыт бойынша сағат 11:40-та дауыс берді. Ол Ыстамбұлдағы сайлау бөлімшесіне жұбайымен бірге келді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті, президенттікке үміткер:

- Бүгін еліміз үшін, ұлтымыз үшін, демократиямыз үшін , жарқын болашақ үшін жақсы нәтиже шығады деп үміттенеміз. Барлық сайлаушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-ге дейін сайлау бөлімшесіне барып, түрік демократиясының күшін көрсету үшін дауыс беруі өте маңызды.

Ал «Халық альянсы» алты партиясының бірыңғай кандидаты Кемал Кылычдароғлұ Анкарада дауыс берді. Президенттікке үміткерлерді қалың жұрт қарсы алды.

Кемал Кылычтароғлұ, президенттікке үміткер:

- Барлығымыз демократияны қалаймыз. Алла қаласа, бұл елге көктем келеді. Ол мәңгілік жалғасады.

АТА альянсынан Синан Оған да ел астанасында дауыс берді.

Сайлау учаскелерінде таң сәріден бастап ұзын-сонар кезек. Науқанға байланысты тұрғындарға жеке куәлік беру үшін халыққа қызмет орталықтары жұмыс істеп тұр.