Бразилияға пандемия қаупі төніп тұр
Келесі пандемия Бразилияда басталуы мүмкін.
Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Соңғы жылдары Амазониядағы ормандардың оталуы жиілеп кеткен. Соның салдарынан орманда мекен ететін жарқанаттар үйреншікті аудандарын өзгертуге мәжбүр. Тиісінше түрлі вирустардың таралу қаупі де артып отыр. Енді елдің жаңа призиденті ормандарды қалыпқа келтіріп, заңсыз ағаш кескендерге жазаны күшейтуді көздеп отыр. Алайда жергілікті ғалымдар, кезек күттірмейтін мәселені түбегейлі шешу керек деп санайды.
Себастьен Шарно, профессор:
- Жарқанаттар тіршілік ету ортасын өзгертуге мәжбүр. Былай жалғаса берсе, болашақта түрлі вирустардың өршу қаупі арта түседі. Бізді осы мәселе алаңдатып отыр. Сосын тағы бір үлкен проблема бар. Ол ақшаға кеп тіреледі. Бізге қаржы аз бөлінеді. Соның кесірінен вирустарды зерттеу жағы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ.
Үндістанда да кейінгі уақытта ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне орай ормандар оталып, жарқанаттардың тіршілік ету ортасы өзгерген. Бұл жануарлар Нипах вирусын таратады. Әзірге бұл дертке төтеп беретін вакцина жоқ. Ауруды жұқтырған адамдардың арасында өлім көрсеткіші жоғары.