Әлем елдерін аптап ыстық пен құрғақшылық жайлады

Биылғы жаз оңай болмайын деп тұр. Біраз елде қазірдің өзінде аптап ыстық.

Еуропаның оңтүстігін құрғақшылық қыспаққа ала бастады. Әсіресе Испания, Италия, Португалия, Франция және Африканың солтүстігіндегі Тунисті де қапырық қинап тұр. Ал осы уақта шаңғы тебетін Швейцарияның курортты аймақтарына қылау түспеген. Сөйтіп, бұл жаққа туристер аяқ басуды қойды. Енді бұған не себеп?

Күннің ысуы мен қуаңшылыққа негізінен ғаламдық жылыну әсер етіп отыр. Тіпті зерттеушілер климаттың бұлайша өзгеруі соңғы 5 ғасырда болмаған дейді.

 

Испанияда сәуір айында жауған жаңбырдың көлемі әдеттегі жауын-шашын мөлшерінің жартысына да жетпеді. Су қоймалары толмай, тіршілік нәрі тапшылыққа айналды. Мыңдаған жүк көлігі ауылдарды аралап, билік тұрғындарға ауызсуды теңдей бөліп, жеткізуге тырысып әлек. Каталония аймағында суды тұтыну бойынша қатаң шектеу енгізілді. Мамандар Испанияда соңғы 70 жылда тіркелмеген құрғақшылық орнады деп дабыл қағып жатыр.

- Жазда мүлде ауызсу болмайды деп естіп жатырмыз. Қазірдің өзінде тіршілік нәрі өте тапшы. Алайда біздің үкімет әзірге нақты ақпарат бермей отыр.

Құрғақшылықтан ең қатты зардап шеккен сала – ауыл шаруашылығы. Кейбір диқандар түсімнің 80%-інен айырылдық дейді. Әсіресе бидай және май өнімдері өнбей жатыр.

Мануэль Делгадо, Шаруалар қауымдастығының ресми өкілі:

- Мына құрғақшылықтың кесірінен егіс алқабын жеткілікті түрде суара алмай отырмыз. Суды пайдалану бойынша ресми шектеулер енгізілді. Заңнан аттап кетпес үшін кейбір шаруалар кәсібін тоқтатып, басқалардың жеткілікті су алуына мүмкіндік жасауға көшті.

Испания билігі қарап отырған жоқ. Үкімет қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға 784 млн еуро шұғыл көмек беретін болды. Бұл қаржының жартысы малшыларға беріледі.

Франция да қатты құрғақшылыққа тап болды. Жергілікті мамандар елде мұндай қуаңшылық соңғы 64 жылда, арнайы зерттеу жасайтын халықаралық сарапшылар 5 ғасырда болмағанын айтады. Метеорологтар 4 аймақта аптап ыстық орнайтынын қайта-қайта ескертіп жатыр. Көптеген өңірде жерасты су қоры суалып қалған. Осыған байланысты билік бассейндерді толтыруға және көгалды суаруға тыйым салды. Шаруаларға да үнем жасауға ескерту берілді.

- Кейбір дақылдар құрғақ ауа райына төзімді келеді ғой. Бірақ біздің аймақтағы өсімдіктер сусыз өспейді. Сондықтан титтей тіршілік нәрі болмаса, біздің шаруашылықтар құрдымға кетеді.

Уим Тьерри, климатты зерттеуші:

- Испания мен Франция өткен жылғы жаздан бері өте қатты құрғақшылыққа ұрынды. Мұндай қуаңшылық соңғы 500 жылда болмаған. Бұған басты себеп: адам климатты өз қолымен жаман жаққа қарай өзгерту үстінде. Сахараның шөлі мен Жерорта теңізінің оңтүстік бөлігінен ескен ыстық леп Еуропаның оңтүстігіне үздіксіз жетіп жатыр. Біздің зерттеу модельдеріміз бен арнайы компьютерлік бағдарламалар жаңбырдың аз болатынын, қуаңшылықтың одан сайын ушығатынын көрсетіп тұр.

Құрғақшылық құрсауындағы Италияда қар суының тапшылығы 70% құрады. Ал топырақтың құрғау деңгейі 40%-ке жеткен. Қуаңшылық Португалияға да қауіп төндіріп тұр. Ел аумағының 90%-інде күн күйіп тұр. Тіпті Швейцарияда қыс өз мәнінде болмай, шаңғы тебетін жолдарға жасанды қар төгілген.

Уим Тьерри, климатты зерттеуші:

- Өте ыстық жаз бен рекордты көрсеткішке жеткен құрғақшылық қыс мезгіліне де кері әсер етпек. Әдетте қыс өте ыңғалды мезгіл болатын. Бірақ былтырғы қыста жауын-шашын өте аз түсті. Бұрын жаңбыр жауып, біраз су қорын жинап алатын едік. Бұл өте қауіпті белгі. Яғни, биылғы жазда жұт болуы мүмкін.

Жерорта теңізі аймағындағы орташа температура 1 жарым градусқа жоғары көтерілген. Бұл өзгеріс соңғы 150 жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

Хатем Нарфуди, шаруа:

- Мына ағаштарға қараңызшы. Оларды жақында ғана отырғызғанмын. Өспейтін болса, мен бұл ағаштарды екпес едім. Ауыл шаруашылығының заманы өткен сияқты. Енді ештеңе өспейді.

Халықаралық сарапшылар климат өзгерісін ушықтырмаудың 2 жолы бар дейді. Құлақ асайық.

Уим Тьерри, климатты зерттеуші:

- Біріншісі, ауаға бөлінетін көмірқышқыл және метан газы сияқты зиянды қалдықтардың көлемін күрт азайтуымыз керек. Осылайша, ауа температурасын қалыпқа келтіріп, Жерорта теңізінен ыстық лептің келуіне тосқауыл қоя аламыз. Екінші жағына, біз климат өзгерісін біржола тоқтата алмауымыз мүмкін. Сондықтан ғаламдық жылынуға бойұсынып, тіршілік пен шаруашылықты ыстық ауа райы мен құрғақшылық жағдайына бейімдегеніміз дұрыс болады.

Климат өзгерісінің ықпалы өте орасан. Биік таудың шыңындағы қар ғана емес, Жер шарының ең шеттегі солтүстік өңірдегі мәңгілік мызғымастай болып көрінген мұздықтар да ери бастады. Мұның қашанға дейін созыларын дөп басып ешкім айта алмайды.