Қытайдың ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды
Қытайдың ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды.
Енді осы жерде біздің тауарлар сатылады. Бұдан бөлек, Сиань қаласындағы құрғақ портта еліміздің логистика орталығы салынады. Бүгін Мемлекет басшысы іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Қазақстан мен Қытай электронды саудада алыс-берісті арттырады. Бұл салада көршіміздің әлеуеті зор. «Alibaba», «JD.COM» сынды алпауыттары бар. Соңғысы 1998 жылы негізі қаланған. Осы күні 400 миллионнан астам адам қолданады. Былтыр компания 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шықты. Енді біздегі бизнес осы алыппен жұмыс істейді. Бүгін JD.сom алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды.
Мұны «Цифрлы Жібек жолы» десек болады. Енді біздің жеті жарым мың өнім Қытайдың электронды платформасында сатылады.
Нұралы Бөкейханов, Qaztrade АҚ бас директоры:
- Бұл біріншіден тамақ өнімдері. Қытайдың азаматтарының саны үлкен. Олардың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға өсуде. Сондықтан олардың сұранысы мына ет тағамдарына, сүт тағамдарына, одан бөлек мына ұн тағамдарына өсіп жатыр.
Сиань портында логистика орталығы салынады
Онлайн платформада сатылатын тауарларды сақтау үшін қойма керек. Осы мақсатта бүгін Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасы қаланды.
Сиань - Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы. Енді таяу уақытта осы ат шаптырым аумақта біздің де бір орталық болады.
Біз қазір әлемнің екінші экономикасының құрғақ портында тұрмыз. Бұл жердегі жүктің 40% Қазақстан тарапынан келеді. Алдағы уақытта Сиань портында біздің терминал ашылмақ. Оның аумағы 8 гектар болады. Одан бөлек, тауарға арналған 10 мың шаршы метрлік қойма салынады. Демек, қазақстандық өнімнің Қытай нарығындағы үлесі артады.
Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Меже мұнымен шектелмейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін.
Сонымен мұның қандай пайдасы болады? Келесі жылдан бастап осы құрғақ порт арқылы электроника, компьютер бөлшектері, автомобиль, тоқыма бұйымдары, киім-кешек, азық-түлік, құрылыс заттары мен химиялық өнімдерді тасымалданады. Қытайда тауар сақтайтын өз қоймамыз болады. 2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемін 40 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Ендеше бүгін іргетасы қаланған логистика орталығы көршімен сауда-саттықта маңызды рөл атқармақ.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы