Электр көлігінің келешегі қандай?
Жол демекші, қазір Қазақстанда 2 мыңдай электр көлігі жүйткіп жүр.
Бұл еліміздің Ұлттық статистика бюросының есебі. Тоқпен жүретін темір тұлпарлар әлемде трендке айналғалы қашан. Қытайда сапарда жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та электр көлігін өндіруде литийдің маңызына тоқталды. Сондықтан осы тұрғыда екі елдің арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге болады деді президент. Ең бастысы – қоршаған ортаға залалы жоқ. Бірақ электр көліктері мінсіз деп тағы айта алмайсыз.
Әрине айналаны ластамайтын көлікті тізгіндегенге не жетсін! Біріншіден, бұлардың бағасы удай. Екіншіден, жүрісі әлі де шабан. Үшіншіден, қуаттайтын станциялар жетіспей жатыр. Десе де мамандар электр көлігінің келешегі өте жарқын дейді. Сондықтан бүгінгі бағдарламада мен тоқпен қозғалатын құралды өндіру және тұтынудағы түйткілдермен қатар оның ерекшеліктеріне де тоқталмақпын.
Электр көлігімен жүргенде туындайтын ең негізгі кедергі – тиісті инфрақұрылымның жоқтығы. Батареяның көмегімен қозғалатындықтан аккумуляторды қуаттайтын станциялар жетіспейді. Жолда қалу қаупі жоғары. Бұл мәселе дамыған деген Австралияның өзінде өте өзекті.
Палак Бат, электр көлігін жүргізуші:
- Ең үлкен мәселе – инфрақұрылым. Жолда жүргенде, бір жерге тоқтарда арнайы қуаттайтын орын іздейміз. Көптеген қонақ үйлер бізде қуаттайтын құрылғы бар дейді. Бірақ ол біздің көлікке келмей қалады. Немесе сіз барғанда ол жерде басқа көлік зарядталып тұрады. Мұның бәрі үлкен кедергі. Жүйкемізге тиеді.
Абдул Захра, көлік сатушы:
- Электр көлігінің бағасы өте қымбат. Оның үстіне, электромобильдер ұзақ жолға жарамайды. Бұл тұрғыда дизельмен қозғалатын көліктер тиімді. Мұны халық жақсы біледі. Айына 3-4 электр көлігін сатқанда, дизельді көліктердің 15-і өтіп кетеді. Қуаттайтын станциялар жоқтың қасы. Мұндай бекеттер Сиднейде тек байлар тұратын аудандарда ғана орнатылған.
Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазір "жасыл құрлықта" 1 қуаттау станциясына 35 көліктен келеді. Ал әлемдік стандарт бойынша, 10 электр көлігіне 1 зарядтау бекеті болуға тиіс. Шикілік инфрақұрылымда ғана емес. Бұзылған электр көлігін жөндейтін мамандар да тапшы. Австралиядағы бір ғана Оңтүстік Уэльс штатына осындай 50 мың автомеханик керек екен.
Коллин Дженнингс, көлік қауымдастығының өкілі:
- Елдің бәрі инфрақұрылым мен қуаттау станциялары туралы көп айтады. Бірақ мамандар жайлы ешкім тіс жармайды. Электр көліктерін жөндейтін адамдар қажет емес пе?! Міне, бізге солар мүлде жетіспейді. Бұзылған электр көліктері ұзағынан тұрады.
Жалпы қазір әлемде электр көліктерінің нарығы үшін үлкен тартыс жүріп жатыр. Компаниялар өнімін жетілдіру үшін барын салуда. Сатылым бойынша әлемдік рейтингті әзірге америкалық "Тесла" бастап тұр. Бұл компания биыл өздігінен жүретін электромобильдер шығаруға кіріспек. Бұл жаңалықты "Тесланың" негізін қалаушы Илон Маск жария етті.
Илон Маск, Tesla компаниясының бас директоры:
- Шынымды айтайын, алдағы 12 ай біздің компания үшін қиын болмақ. Себебі "Тесланы" ғаламдық экономикалық жағдайдың теріс салдарынан еш сақтандыра алмаймыз. Макроэкономикалық деңгейде жағдай әлі күрделі болмақ. Дегенмен "Тесланың" әлеуеті өте зор. Ол кез келген қиындыққа төтеп бере алады. Бірақ көптеген компаниялар банкротқа ұшырауы әбден мүмкін.
Халықаралық сарапшылар әлемдегі электр көлігінің саудасы бойынша қызу бәсеке жүріп жатқанын айтады. Бұдан тұтынушылардың ұтары сөзсіз. Жылдың басында "Тесла" бағаны төмендетіп еді, ең үлкен бәсекелес - Қытай бірден 40 брендтің құнын арзандатты. Сонымен электр көліктерінің келешегіне қандай баға беруге болады? Мысалы, Швеция әлемдегі алғашқы ең ірі электравтомагистраль салуға кірісті. Жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жететін ерекше жол 2045 жылы дайын болуы тиіс. Бұл жолда электр көліктері үшін барлық жағдай жасалмақ. Осындай мегажобаларға қарап тоқпен жүретін темір тұлпарлардың болашағына үлкен сеніммен қарауға болады.