Е. Қошанов Минскіде ҰҚШҰ ПА кеңесінің отырысына қатысты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламент Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Жиында ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен Мәжіліс сайлауының қорытындысы туралы айтты. Парламент Ассамблеясының мониторинг миссиясы құрамында сайлауды бақылауға өз өкілдерін жібергені үшін әріптестеріне ризашылығын білдірді. Кеңес отырысына қатысушылардың назарын өңірдегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне аударды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ шеңберінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Осы бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Біздің бастамамыз халықаралық қоғамдастық, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы әріптестеріміз тарапынан қолдау табатынына сенімдімін.

Делегация басшылары Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен де кездесті. Іссапар аясында бірқатар екіжақты кездесу өтті. Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен жүздесуде Мәжіліс спикері парламентаралық өзара іс-әрекет Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының маңызды бағыты екенін атап өтті.