АҚШ-тың Монтана штаты Tik tok-қа тосқауыл қойды

Сөйтіп, Монтана - қытайлық әлеуметтік желіні пайдалануға заңды түрде тиым салған алғашқы штат атанды.

Яғни, губернатор осындай заңға қол қойды.

Құжат 2024 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Талап бойынша Google және Apple  бағдарламалар дүкендерінен TikTok қосымшасын алып тастауы керек.

Жаңа жылдан бастап Монтана штатының тұрғындары google play мен app store-дан қытайлық қосымшаны жүктей аламайды. Бірақ, заңда қазіргі қолданушыларға шектеу қою туралы нақты тетік жоқ. Дегенмен АҚШ Қытайға тиесілі Tик-токты ел аумағында тыйым салуды іс жүзінде бастады. Бүгін Монтана штатының губернаторы әлемге белгілі әлеуметтік желінінің жұмысын тоқтататын заңға қол қойды.

Брандон Лер – Монтана штатынан өкілдер палатасының депутаты:

- TikTok – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Бұл бағдарлама пайдаланушылардың ақпараты мен деректерін ұрлайды, және оны Қытай Коммунистік партиясымен бөлісу  мүмкіндігі бар.  Бұған үнсіз қарап отыруға болмайды. Өйткені, бұл Монтана жұртының жеке өміріне қол сұқпаушылық құқықтарына нұқсан келтіреді.

Заң бойынша Тикток тыйымды ескермей, қосымшаны өшірмесе тәулігіне 10 мың доллар айыппұл төлеуге міндеттеледі. Мұндай жаза андройд және ios жүйсеніне қосымша жүктейтін дүкендерді де күтіп тұр. Миллион тұрғыны бар Монтана штатында Тикток пайдаланушылары аз емес. Олар сөз бостандығын алдыға тартып сотқа жүгінуі мүмкін.

Жанна Левентофф, АҚШ азаматтық бостандық одағының өкілі:

- Олар 150 миллионға жуық америкалық пайдаланатын платформаны жабу арқылы конституцияда қорғалған сөз еркіндігіне, саяси ұйымдасуға, ақпарат жинауға, жақындарымен қарым-қатынас жасаға тиым салып жатыр. Бұл бағдарламаны бұғаттау арқылы Монтанадағы халықтың пікірін еркін жеткізуіне кедергі келтіреді. Сондықтан соттар мұндай шектеуге қарсы конституциялық бақылаудың ең қатаң талаптарын қолданады деп ойлаймыз.

Қазір АҚШ-та мемлекеттік қызметкерлерге Тикток қолдануға шектеу қойылған. Осыдан үш ай бұрын 12 сенатор «Шектеу актісі» деп аталатын заң әзірлеп, Конгресс қарауына ұсынды. Бұл құжат қабылданса атқарушы билікке күмән туғызған кез келген шетелдік технологияны пайдалануға тыйым салатын өкілеттік беріледі. 2020 жылы Дональд Трамп президент болып тұрған кезде TikTok пен WeChat-ты жүктеуге  тыйым салмақ болды. Алайда, сот бұған жол бермеді. Бірақ АҚШ пен Қытай арасы күрең тарта бастаған тұста танымал желіге қарсы ұстаным күшейіп кетті.