Австралияда жабайы жануарларға мал дәрігерлік көмек көрсетіледі

Табиғат апаттары, ормандардың оталуы, инфрақұрылымның дамуы. Осының салдарынан Австралияда кейбір жануарларға жойылып кету қаупі төніп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаншамасы жарақат алып, түрлі ауруларды жұқтырып жатады. Үйде өсірілетін ит-мысықтарды қожайындары клиникаға өздері алып барады. Ал жабайы жануарларға ондай көмек көрсетуге мүмкіндік жоқ. Бірақ жергілікті волонтерлер жылжымалы мал дәрігерлік клиниканы іске қосқан. Ол шалғайдағы аймақтарды аралап, мал мен құстарға жәрдемдеседі.

Еріктілердің мұндай бастаманы қолға алуы бекер емес. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметіне сәйкес, 2019-2020 жылдардағы алапат орман өрті кезінде Австралияда 3 млрд-қа жуық жануар қырылып қалған. Сондықтан волонтерлер Сидней төңірегіндегі өңірлерді аралап, мал мен құстарды емдейді. Осы Сидней орналасқан Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында жыл сайын ерекше қорғаудағы 90 мың жануар жарақат алады не түрлі Ауруларға Шалдығады Екен.    

Изидора Сладакович, мал дәрігері:

- Үй жануарларын клиникаларға апаруға болады. Ал жабайы мал-құстардың жағдайы не болмақ? Біреулер оларға көмек қажет екенін көрсе, бізге әкеле алады. Мамандарымыз жәрдемдесіп, кейін үйреншікті ортасына кері жібереді.

Бұл – қайырымдылық мақсатта құрылған жоба. Клиникада жұмыс істейтін мал дәрігерлерінің барлығы – волонтерлер. Әзірге мұнда 8 маман бар. Болашақта олардың саны әлі артуы тиіс. Олар мал мен құстарға заманауи қызмет түрлерін ұсынады. Мәселен, жануарларға ультрадыбыстық зерттеуге дейін жасалады. Қажетті жабдықты сатып алу үшін бірнеше жыл кеткен.   

Линли Грейг, мал дәрігерлік клиниканың негізін қалаушы:

- Мынадай клиникалардың бір артықшылығы, біз орман өрті, аномальды ыстық не су тасқыны кезінде жақын жерден табылып, жануарларға қажетті көмек көрсете аламыз.

Осы Австралияда жануарлардың 200 мың түрі мекен етеді. 2019-2020 жылдардағы алапат орман өртінен кейін солардың кейбіріне жойылып кету қаупі төне бастады.

Солардың қатарында коалалар бар. Табиғат апатынан бөлек, олардың санының қысқаруына инфрақұрылымдардың дамуы, ауыл шаруашылығы жобаларының іске асырылуы мен ормандардың оталуы да әсер еткен.       

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.