Ұлыбританияда электронды темекіге әуес оқушы көп

Ұлыбритания мектептерінде темекіге қарсы күрес күшейді.

Дәретханаларға түтін детекторлары, ал ғимаратқа кіреберіске металл іздегіштер орнатылып жатыр. Өйткені тек кейінгі бір жылдың өзінде білім ордаларында вейп қолданушылар саны 50 пайызға өскен.

Ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылардың да әуестенуі үлкен мәселеге айналып барады. Бұл британдықтар мұғалімдер мен ата-аналарды қатты алаңдатып отыр. Ресми мәлімет бойынша бүгінде жеміс-жидектер дəмімен дайындалған бір реттік шылымды 11 мен 15 жас аралығындағы әр 11-ші бала тартады екен.

Джефф, ата-ана:

- Ұлым өте белсенді. Мектеп атынан футбол ойнап, серуендеген ұнатады. Бірақ бір жолы баспалдақпен көтеріліп келе жатқанымызда жарты жолда деміге бастағанын байқадым.

Телеграф басылымының мәліметі бойынша былтыр жасөспірімдер арасында электронды шылымды қолдану көрсеткіші 50 пайызға артып кеткен. Оқытушылар мұндай жағдайға бейжай қарай алмайтындарын айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, бәрі әлеуметтік желінің кесірі. Өйткені интернет беттерінде бұл пәле ашықтан ашық жарнамаланып жатқан көрінеді. Негізі бұл елде кәмелетке толмағандарға темекінің осы түрін сатуға тыйым салынған. 

Қазір оқушылар мектепке кірерде тексеруден өтетін болған. Бұдан бөлек, мекеме басшылығы дәретханаларға вейп детекторларын орнатып қойған. Егер темекі құрылғылары қолданылған жағдайда бірден мұғалімге хабар береді екен.

Пунам Дейв, мектеп қызметкері:

- Балалар дәріс кезінде дәретханаға бару сылтауымен жиі сұратын болды. Яғни электронды темекісіз тіпті 1-2 сағат шыдай алмайтын болған. Біз осыны байқадық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің айтуынша, никотині бар вейптерді қолдану бала миының дамуына, оның оқып-тоқуына кері әсер етеді. Сонымен қатар, түрлі жарақат алу қаупі де жоғары. Яғни электронды құрылғы күтпеген жерден жарылып, адамды күйіп шалуы да әбден ықтимал.

Энди Буш, балалар ауруханасының қызметкері:

- Уақыт өте келе вейптің салдары мен зардабы қандай болатыны жайлы әзірге ештеңе білмейміз. Дегенмен, түрлі химиялық затты өкпеге тарту – адам ағзасына оң әсер етпейтіні айтпаса да түсінікті.

Соған қарамастан Ұлыбританияда ересектерді электронды шылымға көшіріп жатыр. Зиянды әдеттен арылуға көмектесу үшін кәдімгі темекіге тәуелділердің бәріне вейптер тегін таратылмақ. Осылайша ел үкіметі 2030 жылға қарай шылым шегушілер санын азайтуды көздейді. Осы мақсатқа тіпті 45 миллион фунт бөлінбек.