Грузияға биыл ағылған мигранттар саны рекорд орнатты
«Бұл өз кезегінде, мемлекеттік тілге қауіп төндіріп тұр»,-дейді жергілікті белсенділер.
Мәселен, шетелдіктер ашқан мейрамханаларда Грузин тілінде ас мәзірі жоқ. Елдегі рестораторлар қауымдастығы мәселені, мемлекеттік деңгейде шешуді сұрайды.
Биыл Грузияға 180 мыңнан астам шетелдік келді. Олардың дені қызмет көрсету саласында бизнес ашуды жөн көреді. Алайда, грузин тілін құрметтемейді. Осылай деген елдің рестораторлар қауымдастығы биліктен заңды күшейтуді талап етті.
Шота Буржанадзе, Грузия рестораторлар қауымдастығының төрағасы:
- Грузияның барлық бизнес иелері заңнамаға бағынуы керек. Елде мигранттар көп, сәйкесінше, бизнесте де олардың қарасы баршылық. Заңға бағынып, Үкіметпен өзара әрекеттесуі керек. Бұл барлық шетелдіктерге қатысты.
Грузия - көпұлтты ел. Армян, әзірбайжан, еврей, орыс, беларусь, украин және басқа да ұлт өкілдерінің құтты мекені. Әдетте, алдымен, мемлекеттік грузин, одан соң, орыс және ағылшын тілінде ақпарат сұрау қалыпқа енген.
Анано Тавхелидзе, Грузин мейрамханалары желісінің меркетинг жетекшісі:
- Менің ойымша, әр мекемеде мәзір алдымен мемлекеттік тілде ұсынылуы тиіс. Біздің мейрамхананың 20 жылғы тәжірибесінде бұл ереже сақталады. Шетелдік кәсіп иелері осы қарапайым ережні ұстанса дейміз.
Бұл мәселеге жергілікті билік жауап қатты. Олар мәселенің назарға алынғанын айтып, шара қолдануға уәде берді.
Давид Гиоргадзе, қалалық муниципалды инспекция басшысы:
- Мәзірлер мен жарнаманың сәйкестігін қала бойынша бақылау жиі жүргізіледі. Заңда барлық жарнама алдымен мемлекеттік тілде болуы керек деп бекітілген. Бизнес ұстануға тиісті ережелердің толық тізімі бар және бұл тек тілге қатысты емес. Бұл заңды әр кәсіп иесі қадағалауы міндетті.
Заңбұзушылық тіркелген жағдайда айыппұл салынады. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік тіл нормасын бұзған кәсіп иелері 23 мың доллардан астам айыппұл төледі.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина