Санкт-Петербургте журналистердің халықаралық медиафорумы басталды
Санкт-Петербургте «Мәдениеттер диалогы» атты журналистердің 17-халықаралық медиафорумы басталды.
Бес елдің жас мамандары қатысып жатқан жиынның мақсаты – журналистика, мен цифрлық технологиялар арқылы Еуразия кеңістігінде мәдени ынтымақтастықты нығайту, дейді ұйымдастырушылар.
Дана Нұржан, тілші:
- «Мәдениеттер диалогы» атты форум Ресейде 17 жылдан бері ең ірі журналистік алаңдардың бірі. Биыл оған 400-ге жуық делегат қатысып отыр. Олардың ішінде тілшілер, блогерлер, фотографтар, режиссерлер, сондай-ақ моушн және VR-дизайнерлері, 3D аниматорлар және бүгінгі күні қарқынды дамып келе жатқан басқа да жаңа медиамамандықтардың өкілдері бар. Бұл форумның тағы бір ерекшелігі — ол Эрмитаж мемлекеттік мұражайында өтіп жатыр.
Қатысушылар форум аясындағы конкурстық бағдарламаға үш мыңнан астам бірегей жоба ұсынды. Олардың ішінде фоторепортаж, қысқаша деректі фильм, тележаңалықтар форматында жасалған жүмыстар. Ең үздік деген 400 фотосурет жеке экспозицияда көрсетілді.
Ашот Джазоян, медиафорум ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
- «Мен осында тұрамын» деп аталатын фотокөрме — бұл да мәдениеттер диалогы екені анық. Себебі бір жерде біз Қазақстанды, Арменияны, Ресейді көреміз. Осыдан кейін Эрмитаждан шығып, Ресейдің күміс алқасы деген маршрут бойынша екі күн жұмыс істейміз. 150 қатысушыларымыз 8 қалаға барып, 40 кейіпкермен жүздесіп, осы сапар нәтижесінде өздерінің сюжеттерін жасайды.
Медиафорумға қазақстандық жас журналистер, сонымен бірге қазақ тілін оқып жатқан ресейлік студенттер де қатысып жатыр.
Айсұлу Жарасбаева, МГУ студенті:
- Мен әріптестеріммен бірге біз сияқты Ресейге алмасу мақсатында келген студенттерге арналған трансшекаралық жобаны ұсындық. Телеграмда арнамызды ашып, онда оқу барысында пайдалы кеңестермен бөлісеміз, студентік өмірімізбен таныстырамыз. Бізге Армения, Беларусь, Қазақстандағы университеттеріміз белсенді түрде қолдау көрсетті.
Анна Шамрай, МГУ студенті:
- Менің атым Анна. Мен қазақ тілін уйренуге шешім кабылдадым. Себебі мен қазақ мадениеті туралы білгім келеді. Ұлы Абай айтқандай, «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге.
Жас мамандар төрт күн бойы бірге жұмыс істеп, түрлі этникалық стереотиптерді жеңу арқылы Еуразия халықтары арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізуге тырысады.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров