Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында қазақтың әні мен биі орындалды

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында ашық аспан астындағы сахнада қазақтың әні мен биі орындалды.

Шара халықаралық мәдени фестивалі аясында өтті. Құрметті қонақтардың арасында қазақ эстрада жұлдыздары да болды.

Қарақат пен Қыдырәлі Пусандағы ең үлкен ашық аспан астындағы сахнада өнер көрсетті. Олармен бірге концертке қатысу үшін Қазақстаннан 56 адам келді.

Пусан тұрғындары 20-дан астам елдің өкілдері қатысып жатқан көрмеге ерекше қызығушылық танытты. Ұйымдастырушылар жағы Қазақстанға ерекше құрмет көрсетіп төрінен орын берді. Осында жергілікті тұрғындар қазақтың кәдесыйлары мен кітаптарын сатып алып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.

Жәрмеңкеде Қазақстан делегациясы 5 шатырға орналасты. Оның біреуінде Кореядағы жалғыз қазақ дәмханасы жергілікті тұрғындарға көже мен құртты үсынды. Қазақ диаспорасының өкілдері мен «Арлан Жете» театрының әртістері танымал қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киімдерін киіп сахнаға шықты.

Балнұр Айтбаева - «Номад» Кореядағы қазақтар қауымдастығы директорының орынбасары:

- Пусан қаласымен Алматы қаласы арасында татуластық пен бірлестік келісімі бар. Сол мақсатта біз бірінші рет осында біздің қазақи салт дәстүрімізді мерекесі Наурыз тойын тойлау осы жерде жөн көріп соны ұйымдастырдық.

Қазақ өнерпаздарының Кореяға келуінің тағы бір себебі - мамыр айында Қазақстанның Пусандағы Бас консулдығының ашылғанына 1 жыл толды.

Аян Қашабаев, ҚР Пусан қаласындағы бас консулы:

- Кореяда енді өзіміздің 30 мыңнан астам қазақстандықтар тұрады. Солардың мүдделерін қорғау үшін Сеулға енді жұмыс күші келетін болды. Сондықтан да мынау оңтүстік өңірде осы ашылғаны ол шын айтса өзін мойындады. Бір жылдың ішінде біз 150 туу туралы куәлік беріппіз. 50 шақты неке қидық. Содан кейін 200 жуық Қазақстан азаматтарына паспорт бердік.

Биыл Қазақстан мен Корея арасында мәдени жыл ғана емес. Қыркүйек айында Алматы мен Пусан арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанына 1 жыл толады. Сондықтан күзде бұл қалада алматылықтардың тағы бір концерті өтеді.

Авторлары: Владжислав Цой, Ольга Лян