Әлемде пандемиядан кейін ауруханалардың жағдайы не болды?
COVID-19 пандемиясы әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне үлкен қысым жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Науқастарды емдеу үшін ауруханалар санын тез арада көбейту керек болды. Мысалы, Ресейде 8 күн ішінде ең ірі көрме кешені коронавирус науқастарын емдеуге арналған инфекциялық орталыққа айналған. Ал пандемия аяқталғаннан кейін мұндай госпитальдардың жағдайы не болды?
АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатында пандемияға дейін мемлекеттік ауруханаларда науқастарға арналған төсек орын саны шектеулі болды. Әр клиника небәрі 25 адамға жедел-жәрдем көрсететін. Науқастар мұнда небәрі 96 сағат қана ем қабылдай алатын. Коронавирус басталғанан кейін бұл ереже күшін жойды. Ауруханаларда адам саны күрт көбейді. Ал төтенше жағдай аяқталғанан кейін мемлекеттік ауруханалардағы науқастар санына қатысты шектеулер қайта енгізілді. Дегенмен 2021 жылы ашылған ковидтен ұзақ мерзімді емдеу клиникасы өз жұмысын жалғастыра бермек.
Ал Ресейде пандемия кезінде арнайы жабдықталған госпитальдер, былтыр шілде айында жабылды. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі тиісті шешім қабылдап, бұйрық шығарды. Ал коронавирусқа шалдыққандар қазір жұқпалы аурулар ауруханасында емделеді. Елде пандемияға байланысты енгізілген барлық шектеулер күшін жойды. Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау талап етіледі.
Мексикада пандемия кезінде науқастарды жатқызатын жер болмай, түрлі ғимараттар ауруханаларға айналды. Себебі мұндағы клиникаларға күн санап саны артқан науқастарды сыйғызу мүмкін емес еді. Тұрғындар арнайы құрылған шатырларда, конференц-орталықтарында, тіпті ипподромдарда оқшауланып, ем қабылдауға мәжбүр болды. Жергілікті билік шұғыл әрекет жасап, қамданды. Науқастарға қызмет көрсететін 40 мыңдай қосымша маман жалдады. Дегенмен қазір жағдай ақырындап қалыпқа келе бастады, - дейді жауаптылар. Ауруханалар бұрынғыдай адамға лық толы емес. Осыдан 2 апта бұрын ел президенті коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимін жою туралы жарлыққа қол қойды.