Джо Байденнің Кевин Маккартимен кездесуі: келіссөздер сәтсіз аяқталды
Ақ үй мен Конгресстің Өкілдер палатасы мемлекеттік қарыздың шекті мөлшерін көтеру жөнінде келісімге келе алмады.
АҚШ президенті Джо Байден төменгі палатаның спикері Кевин Маккартимен кездесті. Жексенбіде қос тараптың өкілдері Капитолииде екі жарым сағаттық келіссөздер жүргізген. Республикалық партияның көшбасшысы Байденмен өзара түсіністік бар деп мәлімдегенімен, президент мемлекеттік шығындарды қысқарту жөніндегі ұсыныстарды қабылдамаған.
Конгресстегі өкілдер палатасын бақылап отырған республикашылдар ұлттық қарыздың шекті мөлшерін көтеру үшін мемлекеттік шығындарды 8%-ке азайту керек деген талап қойып отыр. Байден болса, олардың ұсынысын орынсыз деп есептейді. Президент алпауыт корпорациялар мен фармацевтика өнеркәсібі үшін салықты көтергісі келеді. Оған республикалық партия қарсы. демократтар мен республикашылардың келісімге келуіне небәрі он күн қалды. Қаржы министрі қос тарап 1 маусымға дейін ұлттық қарыздың шегін көтермесе, ел қазынасында қаржы таусылып, экономика дефлотқа ұшырайтынын ескертіп отыр. Лимитті көтеру туралы мәмілені Конгресстің екі палатасы да мақұлдауы керек.