Украина үкіметі елдегі энергетикалық компанияларға несие бағдарламасын ұсынды
Мақсат - жылыту маусымына дейін апатты жағдайдағы жылу желілерін қалыпқа келтіру
. Алайда компаниялар несие алуға асығар емес.
Көктем мен жаз айларында Украина электр қуатын шамадан тыс өндіреді. Тапшылық салдарынан қазір мұндай үрдіс байқалмайды. "Укрэнерго” мемлекеттік компаниясы тұрғындардан жылу мен жарықты үнемдеуге шақырып отыр. Қуатты тұтыну уақытын кешкі жеті мен онның арасы емес, таңғы уақытқа шегеруді ұсынды. Қазір елде энергоатамдарды жөндеу науқаны жүріп жатыр.
Денис Шмыгаль, Украина үкімет басшысы:
- Жылу желілері мен энергетикалық нысандарды жаппай жөндеу жұмыстары басталды. Тек жөндеу емес, әріптестеріміздің көмегімен тозығы жеткен қуат нысандарын модернизациядан өткізуді жоспарладық. Жөндеу жабдықтарының қоры құрылуы тиіс, шағын генерациялардың көмегімен желі жүйелерін орталықтандырудан арылуымыз керек.
Украина билігі мемлекеттік және жеке энергетикалық компанияларға “5-7-9” несиелік бағдарламасын ұсынды. Мемлекетке қол жаймай, несие алып, қуат құрылғыларын жаңартып алуға мүмкіндік туды,- дейді қуат саласының мамандары.
Дарья Орлова, Украина қуат нарығының сарапшысы:
- Министрлер кабинетінің мәліметі бойынша, бір мегаватт қуатты қалпына келтіру үшін үш пен алты млн гривень көлемінде несие рәсімдеу ұтымды. Көптеген қуат компаниялары қаражаттың жоқтығынан қол қусырып қалды. Құрылғыларды қыс кезінде жөндеу қиын, сондықтан жаз айларында кредит рәсімдеу екіжақты тиімді.
Дей тұрғанмен “5-7-9 процент” несиелік бағдарламасын рәсімдеуге бүгінгі күнге дейін екі мемлекеттік энергетикалық компаниясы ғана тапсырыс берген. Жеке энергетикалық компаниялар жылдық үстеме мөлшері аз болса да, несие ақшасын алуға асығар емес. Өйткені қауіпсіздік толық қамтылмаған кезде тәуекелге бару қиындық туғызып тұр.
Авторы: Аида Қыдырбай