Парижде Абайдың шығармасына арналған анимациялық бейнебаян жарыққа шықты
«Желсіз түнде жарық ай» - Франция аниматорларының көзімен.
Парижде ұлы ақын Абайдың шығармасына арналған анимациялық бейнебаян жарыққа шықты.
Қазақстандық Доминика Қыдырбаева бастаған 12 аниматор 8 ай бойы Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әніне анимациялық бейнебаян түсірді. Әннің мультипликациялық нұсқасымен жұмыс істеді. Еуропадағы бас анимация орталығының түлектері үшін бұл – алғашқы ауқымды жоба.
Ноеми Бонт, анимация жобасының мүшесі:
- Дайындық кезеңі ұзақ болды, бірақ өндірістің өзі – фильм түсіру процесі, декор, анимациялар салу кезінде уақыт зыр етіп өте шықты. Себебі, өте қарқынды, қызық процесс.
Клоэ Бенами, анимация жобасының мүшесі:
- Бұрын, мен Абай туралы ешнәрсе білген жоқпын. Алайда, осы жобаның арқасында қазақ мәдениетімен жақын таныстым.
Бұл идеяны меценат Лариса Инджуджян қолдап, жобаға Қазақстаннан кәсіби музыканттарды шақырған. 1,5 ғасырға жуық тарихы бар ән бейнебаянда қазақ тілінде шырқалды. Алайда, жоба мамандары үшін француз тіліне авторлық аударма да жасалды.
Ғазиза Ғабдрахимова, музыкант:
- Мен өзім қобыз, ұлттық қазақ өнерін насихаттайтын музыкант болғандықтан, жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қызықты жұмыс, өйткені Абайдың шығармашылығы, оның әндері, мәдениетіміз басқа елдерде, шетелде насихатталуда. Және бұл бәрінің игілігі үшін, меніңше.
Қазақстан елшілігінде өткен тұсаукесерде туынды жиылған жұрттың көңілінен шықты.
Стефан Дазар, Йера қаласы театрының әкімшісі:
- Мен ұлы ақын туралы, оның қалдырған мұрасы жайлы әдемі тұсаукесерге қатыстым. Енді, ойшылдың шығармашылығымен жақынырақ танысқым келеді. Өте әдемі фильм, жастар жарады!
Таура Табатабай, ақын:
- Мәдениет – бұл ұлттарды біріктіруші көпір. Ал поэзия – халықтың жаны, және оның құндылықтарын өзге тілде жеткізу ерекше құбылыс.
Қазақ-француз командасы сәтті шыққан туындыдан кейін, біріккен жобалар жасауды жалғастырмақ ниетте.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Әлия Сыздықова