Мәскеуде ІІ Еуразиялық экономикалық форум өз жұмысын бастады

Мәскеуде ІІ Еуразиялық экономикалық форум өз жұмысын бастады

Бұл жиын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдер басшыларының қатысуымен өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына орайластырылған.

Екінші Еуразиялық экономикалық форумға Еуразиялық одақ елдерінің министрліктері, бизнес-қоғамдастықтың және халықаралық ұйымдардың  өкілдері қатысып отыр. Қатысушылардың жалпы саны 2700  делегат. Ауқымды шараның 35 сессиясы жеті тақырыпты қамтиды. Оның ішінде адам капиталы, технологиялар және ынтымақтастық,  ішкі нарық мәселелері бар.

Бақыт Сұлтанов, ЕЭК бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу алқасының мүшесі:

- Әр нарықта, цифрлық болсын, тауарлық нарық болсын, бәсекелестікті сақтау өте маңызды мәселе. Себебі кедергілер көп. Мысалы, мемлекеттік сатып алу жүйесінде. Әр ел басқа елдерден жабылып,  өз кәсіпкерлеріне қолдау жасап отыр. Басқа да мәселелер бар. ЕЭК негізгі мақсаты осы кедергілерді жою.

Форумға қатысушылар экономикалық одақтың стратегиялық дамуының жаңа бағыттарын, сондай-ақ электрондық коммерцияны жетілдіруді талқылады. Сарапшылар осы жылы цифрлық қаржылық активтерді пайдаланудың өсуін күтеді. Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері цифрлық рубль мен цифрлық теңге жобалары дайын екенін жариялады. Жақын арада қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Бақытжан Сағынтаев, ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі:

- Бүгінгі саяси геополитикалық жағдайдағы қаржы саласының жүріп тұруы, валюталардың өтуі бұл өте күрделі мәселе. Мысалы, қаржы саласындағы, бизнес саласындағы мамандардың талқылап жатқаны Ресей мен Беларусияға санкциялардың Одақтағы басқа елдерге тимеуі.

Сонымен бірге бұл форумда интеграциялық ынтымақтастықтың 2045 жылға дейінгі негізгі бағыттары талқыланды.

Авторы: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров