Корейлер Қызылорда өніміне қызығушылық танытты
Қызылорда облысының үздік мектеп түлектері Оңтүстік Кореяның беделді университетінде тегін оқи алады.
Облыс әкімдігі Тэджон қаласы мен Солтүстік Чолла провинциясының басшылығымен осындай келісім жасады.
Сонымен қатар, Қызылорда аймағы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ынтымақтастық орнатты.
Тэджон мен Қызылорда облысы бауырлас қала қатынасын орнатуға келісіп, меморандумға қол қойыды. Тэджон – Оңтүстік Кореяның ғылыми-технологиялық орталығы. Мұнда 19 жоғары оқу орны бар. Сондықтан өңір басшыларының келіссөздерінің негізгі тақырыбы білім саласындағы ынтымақтастық болды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Тэджон қаласының мэрі де бізде сол өздерінің ең мықты университетерінің бірі KAIST университетіне грант беруге өз уәдесін берді. Біз осы Қызылорда облысының ең үздік балаларын қыздарын сол университетке оқуға алдағы уақытта жіберетін боламыз.
Солтүстік Чолла губернаторымен ауыл шаруашылық саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Өйткені, бұл провинцияның агроөнеркәсібі дамыған және мұнда жетекші ауыл шаруашылық ғылыми орталықтары орналасқан. Ал Қазақстандағы күріштің 90 пайызы, тұздың 100 пайызға жуығы Қызылорда облысында өндіріледі. Сондықтан әріптестіктің екі жаққа да тиімді тұстары көп.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Бұлардың да қазір біз жаңа технологияларын зерттеп жатырмыз. Ондағы мақсатымыз күріштің жаңа сорттарын алып біздің оңірде енгізу. Ол күріштің тез пісетін суды аз қажет ететін сорттарын осы кісілерден алып біз өзімізге енгізсек па деген үлкен үмітіміз бар.
Қызылордалық қонақтарға цифрлық жылыжай көрсетілді. Мұнда барлығы жасанды интеллекттің бақылауында. Суарудан бастап, температураны бақылау, жердің құнарлығын назарда ұстау роботқа жүктелген міндет. Алдағы уақытта 10 жұмысшыны алмастыратын егін жинайтын құлтемір пайда болады. Қызылорда облысында мұндай цифрлық жылыжайларды салу мүмкіндігі зерттелетін болады.
Бұл ақылды жылыжай жарты гектар аумақта орналасқан. Мұнда жаңа технологиялар әзірленуде. Мысалы, бұл робот тыңайтқышты тоқтаусыз 8 сағат шаша алады. Технология жылыжай қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету мақсатында енгізіліп отыр. Өйткені, тыңайтқыштар денсаулыққа өте зиян көрінеді. Сондықтан бұл әдіс шаруалар үшін ұтымды болып тұр.
Оңтүстік Кореяға облыс басышысы ірі кәсіпкерлеріді ерте келді. Корея тарапы Қызылордадағы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың өнімдеріне қызығушылық танытты.
Сергей Ким, зауыт директоры:
- Бұрын тыңайтқыштар Кореяға Ресей Федерациясынан жеткізілген. Қазір санкциялар болғандықтан, бұл тауардың жетіспеушілігі байқалады. Аммоний сульфатына қызығушылық өте жоғары. Сондықтан олар бұл провинцияға біз ұсыныс жасадық, олар бірлескен кәсіпорын құруға және аммоний сульфаты мен азот тыңайтқыштарын шығаратын жаңа зауытты іске қосуға үлкен қызығушылық танытты.
Кореяның екі аймағындағы кездесулерде қазақстандық делегация мүшелері Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Бірлескен жобаларды зерделеу үшін Тэджон мен Солтүстік Чолла делегациялары Арал өңіріне келуге ниетті.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян