Қазақтың зергерлік өнері италиялықтарды тамсандырды
Италияның Рим қаласында Қазақстан дизайнерлері мен зергерлерінің көрмесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Дәстүрлер және қазіргі Қазақстан – ғасырлар бойғы байланыс» атты іс-шараға Италияның дизайнерлері, өнертанушылар, суретшілер, дипломаттар мен журналистер қатысты.
Әлемдік сән және дизайн мамандары о бастан Италия астанасына ағылады. Бұл жолы қазақ мәдениеті мен ұлттық мұраларымыз жергілікті көрерменді таңғалдырды.
Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл жерде Орталық Азия аймағының, атап айтқанда, Қазақстанның мәдениеті туралы көп нәрсе білмейтінін мойындау керек және біз, әрине, оның орның толтыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамыз. Бүгінгі шара қазақтың дәстүрлерін осы Италия еліне таныстыру және осы шара арқылы Қазақстан мен Италия арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарды одан ары нығайтуға арналды. Біз ата-бабаларымыздың далалық жан дүниесінің ерекшелігі мен сұлулығы туралы қазақтың дарынды киімдері мен зергерлік бұйымдары арқылы айтқымыз келді.
Тәрбия Айдынбаева, дизайнер:
- Әрине, ойлағаннан де керемет болды деп ойлаймын. Біз Елшіліктің шақыртуымен келіп отырмыз. Сән әлемінің астанасы, сән инстустрияның осы қазіргі замандағы озық үлгісін дайындайтын Италияда өзіміздің өнерімізді паш ету, ұлттық киімізді көрсету – бұл бізге, әрине, үлкен мақтаныш. Нұр үстіне нұр болып жатқаны, ол – кісілердің сондай үлкен қызығушылық көрсетіп жатқандығы.
Кеш қонақтарына киіз бұйымдар коллекциясы, қазақстандық зергер-суретші Нұрдос Әлиаскаровтың күміс әшекейлері, сондай-ақ әйелдер мен ерлер шапандары, қазақ ұлттық киімдері және этнодизайнер Тәрбия Айдынбаеваның этникалық костюмдер топтамасы ұсынылды. Тұсаукесер дәстүрлі үйлену киімін көрсетумен түйінделді.
Гайя Франкетти, Италияның мәдениет қауымдастығының мүшесі:
- Бүгінгі іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Бізге өте ұнады. Осында бір топ мамандармен келдік. Қазақ салт-дәстүрімен, өнерімен, музыкасымен танысуға таптырмас мүмкіндік. Алдағы уақытта осындай шаралар көп болуын қалаймыз.
Сандро Тети, журналист, политолог:
- Керемет, өте әдемі! Барлық киімдер мен аксессуарлар және зергерлік бұйымдар өте жоғары деңгейде. Ең қызығы, бізді бәрімізді таңғалдырғаны, қазақ ұлттық киімдерің көрсеткен жастарды кәсіпқой деп ойладық, өйткені олардың өздерінің бойындағы табиғи сәнділігі соншалықты әдемі. Менің ойымша, бұл саладағы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор.
Италияда оқитын студенттер домбыраның күмбірі мен опера әншісі Лаура Әлидің тамаша дауысын зор ықыласпен тыңдады.
Артур Қадыржанов, Рим университетінің студенті:
- Бұл дейтін – біздің мәдениетімізді, бүкіл жалпы біздің тарихимызды басқа мемлекеттер үшін халықаралық аренада көрсету. Қазақстан үшін Қазақстан халқы үшін бұл – өте үлкен мәртебе.
Анар Бабағулова, Рим университетіның студенті:
- Және біз Қазақстан Республикамыздың азаматшалары, азаматтары ретінде осында ұлттық өнерімізді дәріптеу мақсатында домбырамен күй тарттық.
Текемет кілемдер мен қазақтың шапандарын, зергерлік бұйымдарды кеш қонақтары сатып алды.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.