Париждегі қазақтар Абай ескерткішінің жанында бас қосты

Париждегі Абай ескерткіші қазақтардың жиі кездесетін орынына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Диаспора өкілдері ұлы ақынның тас мүсіні жанында тағы бас қосып, дана ойшылдың әндерін шырқады.

Хәкім Абайға ескерткіш 1 жыл бұрын Париждегі ақындарға арналған саябақта бой көтерді. Енді Ұлы ойшылды жалпақ жұртқа кеңінен таныту мақсатында онда тұрақты түрде Абай оқулары кешін өткізу жоспарланып отыр. Франциядағы Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы осындай игі бастама көтерді. Сөйтіп, диаспора өкілдері ескерткіш маңында жиі бас қосып тұруға келісті.

Мадина Зупиани, Франциядағы Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті:

- Сол үшін біз өте қуаныштымыз. Бүгін бірінші рет бәріміз жиналып, Францияда тұратын отбасыларымыз,балаларымыз, бәрі жиналып, ән айтып, қобыз тартып жатқанымызға қуаныштымыз және бәріміз сізді Францияда тұратын отбасыларымызды шақырамыз осындай ерекше орынға.