Төрткүл дүние Түркияға көз тігіп отыр

Төрткүл дүние Түркиядағы сайлауға көз тігіп тұр.

Саяси журналистика саласындағы белгілі «Politico» медиаұйымының «2023 жылдағы ең маңызды сайлауы» деп бағалаған Түркиядағы саяси доданың екінші турында да халықтың қатысу белсенділігі жоғары.

Түрік халқы бұл жолы да  белсенді.Саяси науқанның бірінші турына халықтың 85,6% қатысқан еді. Екінші кезеңде де сайлаушылардың қарасы қалың.

Елдің түкпір-түкпірінде жастардан бастап, еңкейген қарияға дейін өз таңдауын жасап жатыр. Мәселен, 110 жастағы қарт әже Сафие Куртоғлұ өздігінен жүре алмаса да жақындарының көмегіне сүйеніп, дауыс беру бөлімшесіне арнайы келген. Бөлімшеге тоты құсын ала барған сайлаушылар да жұртты таңқалдырды. Тіпті жас жұбайлар да қарбалас той кезінде дауыс беруге уақыт тауыпты. 

Саяси дода жергілікті уақытпен таңғы сағат 08:00 - 17:00 арасында өтеді. Бүгін 191 мыңнан астам сайлау учаскесінде 60 миллион 721 мың 745 кісі дауыс береді. Бұл екі апта бұрынғы сайлаушылардан шамамен 23 мыңға көп. Себебі 14 күннің ішінде осынша адам 18 жасқа толған. Саяси процестің аяқталуына бірер сағат қалса да дауыс берушілердің легі әлі бәсеңдемей тұр. 

Мехмет Юртташ, тұрғын:

- Бұрын да дауыс бердім. Бүгін де елдің тыныштығы мен амандығы үшін, бірлік пен мен ынтымақ үшін, бауырмалдық пен береке үшін өз таңдауымды жасадым. Мен дауыс берген кандидатыма сенемін.

Түркияның президенттігіне үміткерлер де дауыс берді. Елдің қазіргі президенті, "Республикалық альянс" коалициясының кандидаты Реджеп Тайип Ердоған Ыстамбұлда, оның қарсыласы «Халық альянсынан» үміткер Кемал Кылычдароғлу Анкарада өз таңдауын жасады. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті, "Республикалық альянсынан" үміткер:

-  Алғаш рет екі турдан тұратын сайлауға куә болып отырмыз. Бірінші тур 14 мамырда өтті. Бүгін біз екінші турда тек екі үміткер бар. Халқымыз тек екі кандидатқа дауыс беретіндіктен, бүгінгі дауыс беру тез аяқталады деп ойлаймын. Әлем тарихында сайлаушылардың 90% дейін қатысқан ел болған жоқ. Бұл еліміздің демократия үшін күресін көрсетті. Бүгін де солай істейтініне сенемін. Елiмiзге, ұлтымызға игі болсын деп Алладан тілеймін. Азаматтарымыздан сайлаудың соңғы минуттарына дейін дауыс беруін сұраймын.

Кемал Кылычдароғлу, "Халық альянсынан" үміткер:

-  Қысымнан құтылу, авторитарлық биліктен арылу, демократияның орнауы және елге нағыз еркіндік пен демократия үшін дауыс беруге шақырамын. Дауыс беріңіз. Себебі бұл сайлау өте қиын жағдайда өтті. Бірақ мен халықтың парасаттылығына сенемін. Бұл сайлаудан кейін елде бейбітшілік пен демократия орнайды. Дауыс беріп, өз таңдауын жасаған барлық азаматтарға шын жүректен құрметімді білдіремін.

Бұдан бөлек Ыстамбұл Бас прокуратурасы сайлауға қатысты арандатушы жазбалар жариялаған әлеуметтік желідегі парақшаларға қатысты тергеу бастады. 5 күдіктіні қамауға алу туралы шешім шықты.