Түркия халқы сайлаудың екінші кезеңіне белсене қатысып жатыр
Бүгін Түркияда алдағы 5 жыл ел басқаратын президенттің есімі белгілі болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халық таңертеңнен белсенді.
Саяси дода жергілікті уақытпен таңғы сағат 08:00 - 17:00 арасында өтеді. Бүгін 191 мыңнан астам сайлау учаскесінде 60 миллион 721 мың 745 кісі дауыс береді. Бұл 2 апта бұрынғы сайлаушылардан шамамен 23 мыңға көп. Себебі 14 күннің ішінде осынша адам 18 жасқа толған.
Әли Сакрак, сайлаушы:
- Мен бұл сайлаудан үлкен үміт күтемін, болашақты күтемін. Бұл біздің жастар мен ұлт үшін бұл бір референдум. Біздің азаматтарымыз дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін.
Ішкі істер министрінің айтуынша, Түркиядағы президенттік сайлаудың екінші турында дауыс беру басталғаннан бері қауіпсіздікте қатысты ешқандай мәселе тіркелмеген.
Сүлейман Сойлу, Түркияның Ішкі істер министрі:
- Түркияда сағат 08:00-де дауыс беру процесі басталды. Әзірге қауіпсіздікке қатысты проблемалар болған жоқ. Бұл сайлауға біздің 601 251 қызметкеріміз, полиция, жандармерия, жағалау күзеті және күзетші жұмылдырылды. Сайлаудың және жәшіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық үйлестіру жұмыстары Жоғарғы сайлау кеңесімен жалғасып жатыр.
Жалпы елде сайлаушылардың басым бөлігі 3 ірі қалада орналасқан. Ыстамбұлда 11, Анкарада 4, Измирде 3,5 млн астам адам бар. Ал жер сілкінісі болған аймақта 9 млн астам сайлаушы тіркелген.
Ахмет Йенер, Жоғарғы сайлау кеңесінің басшысы:
- Бірінші турдағыдай біздің азаматтар ел ішінде де, шетелде де белсенді қатысып жатыр. Әзірге сайлау еш қиындықсыз өтіп жатыр. Бұл сайлауда тек президенттікке үміткерлер бақ сынап жатқандықтан, нәтижені тезірек жариялаймыз.
14 мамырда өткен жалпыхалықтық сайлауда дауыс беру құқығына ие 85,6% азамат қатысқан. Бірінші турда елдің қазіргі президенті, Республикалық альянс коалициясының өкілі Реджеп Тайип Ердоған 49,52%, ал оның оппозициялық қарсыласы «Халық альянсынан» үміткер, Республикалық халық партиясының жетекшісі Кемал Кылычдароғлу 44,88% дауыс жинаған еді. Бірінші турда үміткерлер үшін 50% меже болса, бұл жолғы саяси додада бір дауыстың өзі шешуші болмақ.
Авторы: Меруерт Қанағат