Түркияда сайлау аяқталды. LIVE
Түркияда Президент сайлауы аяқталды. Елдегі дәл қазір атмосфера қалай?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркияда президенттік сайлау осыдан бір сағат бұрын аяқталды. Жергілікті сайлау учаскелерінде азаматтар бүгін таңғы 08:00-ден кешкі 05:00-ке дейін 9 сағат бойы дауыс берді. Дауыс беру процесінің соңғы минуттарында да сайлау учаскелеріне жүгіріп келіп, азаматтық борышын орындап жатқандарды да көрдік. Әзірге, сайлау нәтижесі белгісіз. Дегенмен, жоғарғы сайлау кеңесі төрағасының мәліметінше, бұл жолғы қортынды 14 мамырға қарағанда ертерек жарияланбақ. Себебі екі ғана кандидат бар. Азаматтар сайлау учаскесінде оларға берілген мөрді басу арқылы өз таңдауын жасайды. Жаңа ғана Жоғарғы сайлау кеңесі төрағасы мәлімдеме жасаған еді.
Ахмет Йенер, жоғарғы сайлау кеңесі төрағасы:
- Бүгін өткен президенттік сайлауда дауыс берудің екінші кезеңі аяқталды. Дауыс беру процесіне әсер ететін және біздің басқармаға көрсетілген келеңсіз жағдай болған жоқ. Қарсылықтар бағаланды. Қатысқан сайлаушыларымызға алғысымды білдіремін. Сайлау түрік халқына құт-береке алып келсін.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Анадолы мен Анка ақпарат агенттіктері сайлаудың алдын-ала нәтижесін жергілікті арналарда жариялайды. Онда саналған 81 провинциядағы ашылған сайлау жәшіктерінің проценті мен кандидаттардың үлесіне тиген дауыстар беріледі. Былайша айтқанда, бұл түн саяси белсенді түрік жұрты үшін ұзақ болмақ. Себебі бір дауыс туыстас түрік халқын бес жыл бойы кімнің басқаратынын анықтамақ. Нәтижелерге тағы бір рет көз жүгіртіп көрейін.
Дегенмен, ресми қорытындыны жоғарғы сайлау кеңесі жариялайтын болады. Жергілікті арналардың айтуынша, нақты нәтиже ертең жариялануы мүмкін. Бүгін 191 мыңнан астам сайлау учаскесінде сайлау құқығына ие азаматтардың саны 60 миллион 721 мың 745. Оның қаншауы сайлау учаскесіне барғаны алдағы уақытта белгілі болмақ.
Жалпы президент белгілі болды делік. Келесі әрекеттер қандай болмақ. Түркиядағы қандай дәстүр бар?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркияда сайланған президенттің «Балкон мәлімдемесі» дәстүрі бар. Бұған дейін бұл дәстүр президенттің мүше болған партия ғимаратынан жасалатын. Бірақ егер Реджеп Тайип Ердоған президент болып сайланатын болса, бұл жолы ол халыққа дәстүрлі түрде билік партиясы штабының балконынан емес, Бештепедегі резиденциясынан сөз сөйлеуі мүмкін деп күтілуде. Ал Кемал Кылычдароғлұ Республикалық халық партиясы ғимаратынан жұртшылыққа үн қатады. Қазірдің өзінде екі кандидаттың мәлімдеме жасайтын жеріне халық жинала бастапты.