Әлемде қорғаныс саласының шығыны артты

Былтыр оған 2 трлн доллар жұмсалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар алдағы уақытта салаға бөлінетін қаржы тек ұлғая түсетінін айтады. Оған геосаяси ахуалдың ушығуы себеп. Мәселен, Солтүстік Кореядан төнген қауіп күшейіп келеді. Мемлекет алдағы уақытта әскери барлау жер серігін ұшыратынын ескерткен. Алайда бұған Жапония мен Оңтүстік Корея қарсы. Оңтүстік Корея демекші, мемлекет кейінгі жылдары қару-жарақтың әлемдегі ірі экспорттаушыларының қатарында көш бастап келеді.

Еуропа елдері Оңтүстік Кореяның қару-жарағын жоғары бағалап отыр. Оның бірнеше себебі бар дейді. Мәселен, Польшамен арада ірі келісімшартқа қол қойылды.

 

Оңтүстік Кореяда қару-жарақ экспорты артты

- Азиядағы қару-жарақтың ірі экспорттаушыларының бірі – Оңтүстік Корея. Мемлекет бұл бағыттағы әлеуетін одан әрі арттыруға ниетті. Былтыр экспорт көлемі 2021 жылмен салыстырғанда бірден 140%-ке ұлғайған. Сарапшылар Сеулдің салада жақсы нәтиже көрсетуінің бірнеше себебі бар дейді. Біріншіден, бұл – өнім бағасының төмен болуы. Екіншіден, өзге елдермен салыстырғанда қару-жарақты жылдам жеткізіп отырады. Үшіншіден, Оңтүстік Кореяның әскери жабдығының сапасы жоғары әрі технологиялық жағынан озық саналады. Еуропадағы, Корея түбегі мен Тайвань бұғазы төңірегіндегі ахуалдың шиеленісуі де сұраныстың артуына әсер еткен. Нью-Йорк Таймс басылымының мәліметіне сәйкес, 2017-2021 жылдары Оңтүстік Кореяның қорғаныс өнеркәсібі қару-жарақтың ең ірі 25 экспорттаушы елдерінің арасында өсу қарқыны бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен. Жергілікті өнімдерге қызығушылық танытып жатқандар қатарында Еуропа елдері бар.       

О Кьеахван, Hanwha Aerospace компаниясының директоры:

- Бұған дейін Чехия, Румыния, Финляндия, Эстония, Латвия мен Литва өкілдері қорғаныс өнімдерін тек Еуропадан сатып алуға ниетті екенін жеткізген. Алайда қазір Оңтүстік Кореялық компаниялардың қару-жарақты жылдам әрі төмен бағамен жеткізе алатыны белгілі болды.

Кореяның қару-жарағына қызығушыық танытқандар қатарында Польша да бар. Былтыр Азиядағы бұл елдің тарихындағы ең ірі келісімшарт жасалды. Оның көлемі 14 млрд долларға жуықтайды. Келісім аясында Чханвондағы зауытта НАТО стандарттарына сай келетін ұшақтар, артиллилериялық қондырғылар мен оқ-дәрілердің өндірісі жолға қойылған.

Ким Хён Чхоль, Оңтүстік Кореяның қорғаныс саласындағы сатып алу бағдарламасы әкімшілігінің өкілі:

- Ортақ жоба танктер, зеңбіректер, зымырандық қондырғылар және өзге де өнімдердің өндірісіне негізделген. Біз Польшаның қорғаныс өнеркәсібінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оларға технологиялар ұсынамыз. Бірге қару-жарақ жасап шығарып, оны көрші елдерге экспорттай аламыз.

    

Солтүстік Кореядан төнген қауіп сейілген жоқ

Оңтүстік Кореяның қару-жарақ экспортындағы әлеуетінің артуының тағы бір себебі көрші елден төнген қауіпке байланысты. Солтүстік Корея баллистикалық зымырандарын жиі сынақтан өткізіп, өңірдегі мемлекеттерге сес көрсетіп жатады. Мәселен, Пхеньян алдағы 2 апта ішінде өзінің алғашқы әскери барлау жер серігін ұшыратынын жария етті. Алайда бұған Оңтүстік Корея мен Жапония қарсы. Өйткені жер серігі баллистикалық зымыранның көмегімен ұшырылады. Ал бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзу саналады. Осыған байланысты ресми Токио зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін жауынгерлік дайындық жағдайына көшіріп, аумағының қауіпіздігіне қатер төндірген кез келген сарядты атып түсіретінін ескертті.

Хирокадзу Мацуно, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Қорғаныс министрлігі мен өзін-өзі қорғау күштеріне Солтүстік Корея тарабынан төнген қауіпке байланысты әрекет ету туралы бұйрық берілді. Қазір Окинава перфектурасында тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Пхеньян жер серігін орбитиға шығарамыз деп, шындығында баллистикалық зымыранын ұшырып, арандатушылық әрекетке жол берді.

 

Әлемде қорғаныс шығыны артты

Жалпы осындай қауіп-қатердің артуына байланысты кейінгі уақытта әлемде қорғаныс саласына жұмсалатын шығындар артқан. Былтыр ол 4%-ке ұлғайып, 2 трлн доллардан асты. Сарапшылар алдағы уақытта шығындар тек арта беретінін пайымдайды. Мәселен, Германия жалпы ішкі өнімінің кемі 2%-ін қару-жарққа жұмсауға ниетті. Үндістан мен Пәкістаннның да қорғаныс саласының бюджеті де кейінгі 10 жылда 50%-ке ұлғайған. Қытай болса 2035жылға таман ядролық оқтұмсықтарының қорын 3 есе кеңейтуді жоспарлап отыр.