Ердоған сайлаудағы жеңісін тойлады
Түркияның Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Режеп Тайип Ердоған 52% астам, оның қарсыласы Кемал Кылычдароғлы 48% жуық дауыс жинаған.
Басты сұрақ, Ердоғанның саясаты өзгере ме? Осымен 10-шы рет жеңілген оппозициялық құрамның бағыты не болмақ? Бауырлас халық 13-ші президентінің жеңісін қалай тойлады?
Түркия басшысы сайлау нәтижесін «демократия мерекесі» деп атап, Ыстамбұлдағы жақтастарымен бірге жеңіс әнін шырқады.
Бұл түн 14 мамырдағы секілді түрік жұрты үшін ұзақ болды. Сайлау нәтижелерінің алдын-ала естіген тұрғындар, алқызыл байрақтарымен шерулетті. Ал Анкаралықтар бірден президенттік резиденцияға бет алды.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Бізге демократия мерекесін сыйлаған халқыма ризашылығымды білдіргім келеді. Сайлауда жалғыз жеңімпаз – Түркия. 21 жыл бойы сеніп келе жатқандай, сіздердің сенімдеріңізге лайық боламыз. Айтқанымдай, біз базарға дейін емес, мазарға дейін біргеміз.
Ердоғанның қарсыласы елдің басты оппозициялық партиясының жетекшісі Кемал Кылычтароғлу жүйе үшін күрестің жалғасатынын мәлімдеді. Ал оны үміткер ретінде көрсеткен Халық альясының өзге партия басшылары Ердоғанды жеңіспен құттықтады.
Кемал Кылычтароғлы, Халық альянсының үміткері:
- Елімізге нағыз демократия келгенше біз осы күрестің бастаушысы болып қала береміз. Менің мұңайғанымның басты себебі – елді күтіп тұрған қиыншылықтар. Біз сол қиыншылықтарға қарсы тұратыныма ешкімнің күмәні болмасын. Маған дауыс берген 25 млн азаматымыздың моральдық тұрғыда тік тұрғанын көргім келеді. Біз осындамыз.
Ердоғанның билігі үшінші онжылдақта да жалғаспақ. Басты сұрақ, оның саясаты өзгере ме? Себебі саяси додаға түскен құрам да бөлек.
Айнұр Ноғаева, халықаралық қатынастар сарапшысы:
- Өзгеріс емес, тұрақтылықты таңдады деуге болады. Қазірге дейін ұстанып келген көпвекторлық саясатын жалғасын табады деген ойдамын. Әсіресе Ресей-Украина қақтығысын тоқтату үшін атсалысады. Түркі әлеміне қатысты тығыз байланыс болады деуге болады. Қазірге дейінгі саясат осыны көрсетті. Әсіресе Қазақстан үшін тиімді.
Сайлаудың ресми қорытындысы 2 күннен кейін. Ал елдің осыдан кейі апта бұрын жасақталған 600 мандаттық парламент мәжілісі жұма күні ант бермек. Жергілікті ақпарат көздерінің айтуынша, Ердоғанның инаугурация рәсімі де сол күні өтуі мүмкін.