Украинада егіс алқаптары қысқарды

Биыл Украинада егіс алқаптары қысқарды.

Сәйкесінше өнім 21%-ке азайды. Бұл туралы елдің сатистика агенттігі мәлімдеді. Экспорт көлемі 5 млн тоннаға төмендеп отыр. Егер Украинаның әлемдік астық нарығында үлкен ойыншы екенін ескерсек, бұл жаһандық азық-түлік бағасына кері әсерін тигізері анық.

Украина осыдан 2 жыл бұрын 86 млн тонна астық жинап, рекорд жаңартқан. Өткен жылы өнім көлемі 2 есеге қысқарып, 53 млн тонна болды. Биыл бұл көрсеткіш 21%-ке құлдырап, 44 млн тоннаға азаяды деген болжам бар.  Бұған елдегі қазіргі жағдай салдарынан егіс алқаптарының қысқаруы себеп.

Одан бөлек, биылдан бастап Украина билігі қазына қаражатын толтыру үшін бірқатар салық түрлерін қайтарды. Жаңашылдық ауылшаруашылық саласын  айналып өтпеді.

Руслан Хомич, Волынск облысындағы фермерлер қауымдастығының төрағасы:

- Биылдан бастап жерді қолданғаны үшін ең төменгі салық міндеттемесі енгізілді. Бұл шаруаларға әсер етпейді деген еді, бірақ заң бойынша егін шаруашылығына қатысты салық қайтарылды. Шаруалар әрбір гектарға салық жүктемесін төлейтін болады.

Бүгінде бір шақырым жерге төленетін салықтың құны 0,3%-і құрайды. Мемлекет жер салығын қайтарғанымен, шаруалар сұраған «5-7-9» несиелік бағдарламасы жабылып қалды. Салдарынан мыңдаған шаруа кәсібін жалғастыра алмай, шығынға батты.

Денис Марчук, Жалпыукраиналық аграрлық кеңес төрағасының орынбасары:

- Ел диқандары қосымша қаржымен қамтылмай, қиындықта қалды. Бірқатар астықтарын тауар өндірушілерге өзіндік құнына сатуға мәжбүр болды. Биыл егіс алқабы қатты қысқарды, біздің есебіміз бойынша шамамен 7 млн гектар ауылшаруашылық жері бос қалды.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Әрине, мұндай факторлар Украинадағы астық өндірісінің 20%-ке дейін төмендеуіне әкелді. Сәйкесінше,Украинаның Аграрлық саясат және азық-түлік министрлігі биыл бидай экспорты 5 млн, ал жүгері тасымалы 10 млн тоннаға дейін қысқаратынын ресми мәлімдеді.

Авторы: Аида Қыдырбай.