Грузияда балалардың 28%-і артық салмақ дертіне душар

Грузия дәрігерлері балалар арасында семіздік мәселесіне алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Статистикалық деректер жеткіншектердің 28%-і артық салмаққа шалдыққанын айтады. Ұрпақ саулығына алаңдаған ақхалаттылар артық салмақпен күресудің салмақты жолын көрмей отыр.

Грузияда балалардың 28%-і артық салмақ дертіне душар, тағы 11% бала «семіздік» диагнозымен тіркеуге алынған. Бұл – елдегі Ұлттық ауруларды бақылау орталығы жариялаған дерек. 4 мыңға жуық оқушыны тексер ұйым осындай тоқтамға келді.  

Тамар Угулава, БҰҰ балалар қорының денсаулық сақтау маманы:

- Бізде 5 жасқа дейінгі балалар арасында артық салмақ – үлкен проблема. Мектеп жасына дейінгі балақайлардың 6%-і семіздікке душар. Ал Қазақстанда 5 жасқа дейінгі балалардың 9%-інде бұл дерт бар екен. Дегенмен Еуропа мен Орта Азия елдерінің рейтингінде Грузия көш бастап тұр.

Сала мамандары қыздарға қарағанда ұлдардың артық салмақ қосуға бейім екенін айтады. Мұның тағы бір себебі ас ішу мөлшеріне мән бермей, тәртіптің сақталмауынан екен. 

Теа Хуродзе, эндокринолог:

- Семіздік бұл тек генетикаға немесе әртүрлі эндокриндік және гормоналды ауруларға байланысты емес. Көбінесе балаларда бұл ауру дұрыс тамақтанбау мен ұйқының бұзылуына байланысты пайда болады. Мұндай балалар тұйықталып, депрессияға ұшырауы мүмкін. Олар сондай-ақ құрдастарының мазағына да жиі ұшырайды.

Дәрігерлер, бұл ретте салауатты өмір салтын ұстану «алтын ереже» екенін еске салады. Алайда күннен күнге өршіп келе жатқан мәселені шешу оңай емес. Ол үшін Денсаулық сақтау және Білім министрлігі сынды мемлекеттік деңгейдегі мекемелердің коалициясы қажет, - дейді ақхалаттылар. Себебі грузин мектептерінде балаларға арналған асханалардың өзі тапшы.

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина.