Косовода ахуал шиеленісті

Косовоның солтүстігінде НАТО бітімгерлері мен этникалық сербтер арасында қақтығыс болып, 75 адам жарақат алды.

Олардың 25-і Солтүстік альянстың сарбаздары. Қалғаны сербтер. Қақтығыс Звечан шаһарында сербтер қала мэриясының ғимаратын басып алмақ болғанда туындаған. Олар сәуір айында сайлауда жеңіп шыққан албандық мэрдің қызметке кірісуіне қарсы. Сербия президенті Александр Вучич Косово басшысы Альбин Куртиді айыптап отыр.

Александр Вучич, Сербия президенті:

- Мен халықаралық қауымдастықтан шұғыл шаралар қабылдап, Альбин Куртиге ықпал етуге шақырамын. Оның наразылық тудырып жатқан әрекеттерін қолдауды тоқтату қажет. Себебі, 10,5 жыл өтсе де Косовоның солтүстігінде серб қалаларының қауымдастығы әлі құрылған жоқ. Мәселе қазір шешілмесе салдары ауыр болады.

Косово Сербиядан 2008 жылы бөлініп, өзінің егемендігін жариялаған. Бірақ Белград оны заңсыз деп, тәуелсіздігін мойындамай келеді. Сондықтан Косовоның солтүстігіндегі этникалық сербтер де Приштинаға бағынудан бас тартып отыр.