Германияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті
Кәрі құрлықтың 15 елін мекен еткен отандастарымыз бұл жолы Кёльн қаласында бас қосты.
Ата жұртты сағынған алыстағы ағайын дәстүрлі астан дәм татып, ана тілі, ұлт мәдениеті мәселелерін талқылады. Ұлттық аспапта ойнап, Отанға деген сағынышын басты.
Кельндегі құрылтайға Еуропадағы 20-дан астам қазақ ұйымының өкілдері жиылды. Жырақта жүрген қандастарымыз үшін жылына бір рет өтетін бұл шара маңызды. Оқу-жұмыс бабымен я тарихи оқиғалардың салдарынан шетел асқан қазақтар ұрпағы ана тілі мен мәдениет мәселелерін талқылады.
Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті:
- Осы бағдарламалар ішінде ең маңызды жобалардың бірі ол жазғы лагерь. Бұл жылда өтеді. Биыл Бурабайда үшінші рет өтейін деп жатыр. Шамамен әлемнің 8 елінен 200 жуық 11 және 17 жас ортасында мектеп оқушылары қатысады. Әрине ана тілін үйретуге байланысты біздің «Отандастар» қорының оффлайн және онлайн қазақ тілі курстары бар.
Блиц:
- Қазақстанды жақсы көрем. Сарыағашта туыстарым бар. Тағы Қазақстанға барам. Екі жылда бір рет.
- Менің атым Айша. 23 жастамын. Мен Данияның қазағымын.
Экономиканы оқимын университетте. Алматыға бардым, Шымкент, Сарыағаш.
Польша, Испания және Германиядан келген қазақтар домбыра мен қобызда ойнап, өнер көрсетті. Ал қыз-келіншектер арасында ұлттық киім көрсетілімі өтті. Көптің көзайымына айналған "Тұран" этно-фольклорлық ансамблі бұл әдемі кешті қорытындылады.
Бешир Жаңалтай, құрылтай қатысушысы:
- Мен осы құрылтайға Англия елінен келіп отырмын. ҚР тәуелсіз болғаннан бері дүниежүзілік қауымдастық арқылы Еуропа қазақ диаспорасы жыл сайын жиналысы бар. Әрине бұл жердегі мақсат, осы Еуропада туып өскен балаларымыз бар. Оларды Атамекенмен байланыстыру, оларға қазақ тілін, дәстүрді үйрету.
Ұрпақтар сабақтастығы - дәстүр жалғастығы. Құрылтайда туған жерін сағынған ақсақалдар мен тарихи Отаны туралы толық білгісі келетін жастар өзара пікір алмасты.
Еуропа қазақтары келесі кездесуді Австрияда, ал 2025 жылғы шараны Венгрияда өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева