Флорида штатында жүздеген иммигрант ереуілге шықты
АҚШ-тың Флорида штатында жүздеген иммигрант ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халық иммигранттар туралы жаңа заңға қарсы. Таяуда штат губернаторы Рон Десантис визасыз мигранттардың жұмыс істеуіне тыйым салатын және медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігінен айыратын заңға қолды қойды. Ал Флоридада ауылшаруашылық, құрылыс және туристік салаларда құжатсыз еңбек ететін адамдар көп. Дегенмен президенттікке үміткер болып тіркелген Рон Десантис өзінің сайлау науқанында иммигранттар мәселесіне басымдық беріп отыр. Ереуілге қатысушылар заң олардың құқығын шектейді дейді.
Ереуілге қатысушы:
- Мен бұл заңға байланысты қатты алаңдап қалдым. Өзім иммигрантпын. Менің құжаттарым әлі дайын емес, өтінішім қаралып жатыр. Бұл ұзақ процесс болуы мүмкін. Енді жұмыс істеуім қиындай түспек. Қауіпсіздігіме де нұқсан келуі мүмкін. Менің қыздарым бар, соларды асырауым керек. Өз еліме, Сальвадорға оралуға қорқамын. Ол жерде нәпақа табу тіпті қиын.