Әуе шарлары несімен зиян?
Әуе шарлары - Халықаралық балаларды қорғау күнінің символы. Бірақ сол шарлардың қоршаған ортаға залалы бар екен. Кей елдерде мереке нышанын пайдалануға мүлдем шектеу қойылған. Италия, Ұлыбритания, тіпті, АҚШ-та заңды бұзғандар айыппұл төлейді. Әуе шарлары несімен зиян?
Балалық шақты ойын-күлкісіз, кәмпитсіз, қолда ұстаған шарсыз елестету мүмкін емес. Әрине, балғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын осындай кішкентай заттар. Бірақ бүгінгі таңда ойыннан от шығарып жүргендер бар. Сондықтан, әуе шарларына қатысты әлемнің кей елдерінде тыйым салынды.
Мәселен, Италияның Феррара қаласында әуе шарларын ұшыруға мүлдем тыйым салынған. Ережені бұғандар 125 еуро көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді. Қала әкімшілігі шаһардағы мерекелерді қатаң бақылауда ұстап отыр. Қауіпсіздік мейлінше күшейтілген. Билік өкілдері «шарлар қоршаған ортаға залал келтіреді, атап айтқанда, олардың қалдықтары алаңдарды былғап, ағынды суларды бітеп, әлемді ластайды», - дейді. Ал құбырларда, сымдарда шарлар тұрып қалса, тоқтың тұйықталуына әкеп соғып, апаттық жағдайға, өртке дейін жетуі мүмкін.
АҚШ-та жас жеткіншектердің қамын ойлап, қауіпсіздік шараларын күшейтіп отыр. Калифорнияның Лагуна-Бич қаласында келер жылдан бастап шарды сатуға, оларды пайдалануға рұқсат жоқ. Себебі оның қалдықтары суға түскенде пластик тәрізді қатайып, жарамсыз қоқысқа айналады. Ал бұдан теңіз жануарлары мен құстар зардап шегеді. Қанаттыларға олар кәдімгі пластиктен де зиян, себебі оны жұтып қойса өліп қалуы мүмкін. Мамандар шарларды байлаған жіптердің де соңы қайғылы жағдайға әкелетінін ескертеді. Жағдайға байланысты шектеулер Американың басқа штаттарында, Мэриленд, Вирджиния және Гавайиде де бар. Айыппұл мөлшері 500 долларға дейін жетеді. Енді Нью-Йорк пен Флорида штаттары да тыйым салатын заңдарды қарастыруда.
Еуропа елдері де бұл мәселеге бей-жәй қарап отырған жоқ. Германия әзірге қалалық шараларда, білім ордаларында, әсіресе мектептерде салтанатты жиындарда шарларды пайдалануға шектеу енгізген. Нақты айыппұл көлемі қарастылырып жатыр. Мәселен, Гютерсло қаласының әкімшілігі тұрғындарға ескерту жасап, бұл жағдайға адамдар түсінушілік танытады деген ойда. Бұған қоса, неміс компаниялары шарларды табиғи каучуктен жасауды ұсынады. Олар экологиялық таза өнім шығарамыз деп сендіруге тырысуда. Бірақ табиғат жанашырлары бұған да қарсы. Себебі жануарлар мен құстар мұндай ауыр заттарды жеп қояды. Ал оның соңы қанаттылардың азайуына әкеледі.
Авторы: Мақпал Сержанқызы