Нью-Йорк шөгіп барады
Кейінгі 70 жылда қала 20 сантимерге отырған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұны жақында жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Бұл – жағалауға жақын орналасқан қалалардың көбіне тән құбылыс. Бірақ ғалымдар мұның тағы бір себебі барын айтады.
Шаһардың шөгуінің басты себебі – зәулім ғимараттардың көптігі. Елдің геологиялық қызметі мен Род-Айленд университеті мамандарының ортақ зерттеуінің нәтижесі осындай. Соның салдарынан жыл сайын қала 1-2 миллиметрге шөгіп барады. Ол аса қатты байқала қоймайды. Дегенмен Нью-Йорктің кейбір аудандарында құбылыс жылдам жүріп жатса керек.
Том Парсонс, АҚШ геологиялық қызметінің маманы:
- Топырақтың шөгіп, судың көтерілуі – табиғи құбылыстар. Бірақ күндердің күніне олар бір деңгейде теңеседі. Бірақ оның нақты қашан болатынын дөп басып айту қиын.
Ғалымдар Нью-Йорктегі 1 млн-нан аса ғимаратты зерттеген. Олардың салмағы 764 млрд келіден асқан. Есептеулер кезінде жолдар мен көпірлер секілді инфрақұрылым нысандары ескерілмеген. Олардың салмағы айтарлықтай көп екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе Манхэттен секілді қаланың орталық аудандарына көп салмақ түсіп отыр. Сонымен қоса әлеуметтік құрылыс көп салынған Бруклин, Бронкс пен Куинстегі жағдай да мәз емес.
Том Парсонс, АҚШ геологиялық қызметінің маманы:
- Бұл – мұз дәуірінің салдары. Соның кесірінен құрлықтың орталық бөлігі көтеріліп барады, ал шығыс жағалауы, кесірінше, төмен түсіп барады. Бұдан бөлек, Нью-Йорктің жер қыртысы әр алуан.
Нью-Йорк Гудзон шығанағының жағалауында орналасқан. Ғалымдар суға жақын тұрғызылған қалалардың шөгуі қалыпты құбылыс екенін айтады. Алайда зерттеу нәтижелері жария етілгеннен кейін билік әрбір зәулім ғимараттың құрылысына рұқсат бермей тұрып, жіті ойлануы керек дейді. Өйткені мұхит деңгейінің көтерілуі және төбесі көк тіреген ғимараттардың көптігі секілді 2 фактор салдарынан алып шаһарды су басу қаупі арта түседі.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы.