Джо Байден үндеу жасады
АҚШ президенті Джо Байден мемлекеттік қарыздың шекті мөлшерін көтеру туралы келісім америкалықтар үшін жақсы жаңалық деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президент сопақша кабинеттен үндеу жасады. Әдетте мемлекет басшылары ел үшін аса маңызды оқиға болғанда Ақ үйдегі Кеңсесінен байланысқа шығады. Бұл жолы да Байден Конгресстің қос палатасы атқарған жұмысты жоғары бағалап, дағдарысты болдырмадық деп отыр.
Бүгін Ақ үй басшысы Конгресс мақұлдаған заң жобасына қол қойды. АҚШ президенті ұлттық қарыздың шегін көтеру үшін келісімге қол жеткізген қос тараптың өздері қалағандай шешім болмағанын айтты. Бірақ қарапайым америкалықтар мүддесі барынша қорғалған дейді.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Сонымен, бұл келісім не береді? Біріншіден, шығыстарды қысқартады. Алдағы 10 жылда бюджет тапшылығы 1 триллион долларға қысқарады және оған қоса 1,7 триллион долларды үнемдеген едік. Мен президенттігімнің алғашқы 2 жылында тапшылықты айтарлықтай төмендеттім. Маған дейінгі 4 жылда ол 8 триллион долларға дейін ұлғайған. Енді біз жағдайды өзгерте аламыз және ол Америка үшін жақсы.
Әдетте АҚШ президенттері аса маңызды мәлімдемені Ақ үйдегі сопақша кеңсесінен жасайды. Мәселен, Джордж Буш 2001 жылы 11 қыркүйектегі терракт кезінде, Барак Обама 2010 жылы Мексика шығанағында мұнай төгілгенде, Рональд Рейган 86-да «Челленджер» кемесі жарылғанда осы кеңседен халыққа үндеу жасаған. Ақ үй Джо Байденнің сопақша кеңседен сөйлегенін, егер мемлекеттік қарыздың шегі көтерілмесе, жағдайдың ушығып кетуі қауіпі болғанымен түсіндірді.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Жалпы ұлттық қарыздың шекті деңгейін көтеру – АҚШ-та жиі болатын әдіс. Ел тарихында 1960 жылдан бері 78 рет мемлекеттік қарыздың лимиті ұлғайтылған. Бұл процедура АҚШ-тың Қаржы министрлігіне құнды қағаздар шығарып, ішкі қорлардан және сырттан қарыз алуға мүмкіндік береді.
Авторы: Нұрбек Бекен.