ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін азайтады

Әлем бойынша мұнайдың 40% өндіретін ОПЕК+ елдері тағы да қара алтын көлемін қысқартуға келісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бұдан келер пайда қандай? Экспорттаушы елдердің көздегені не?

Расымен де, Венада бас қосқан ОПЕК+ елдері келер жылдан бастап мұнайды азырақ өндірмек. Бұл шешім мұнай бағасын өсіруге деген талпыныс болса керек.

 

Мұнай өндірісі азаяды

ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін тағы да қысқартатын болды. Венада өткен басқосуда ұйымға мүше мемлекеттер осындай келісімге келді. Бұл шешім мұнай бағасының құлдырап кетпеуі үшін қабылданып отыр. Ұйым келтірген мәліметке сүйенсек, келесі жылдан бастап өндірістің жалпы көлемі тәулігіне 40 миллион баррельден сәл асады, бұл қазіргі көрсеткіштен 1,4 миллион баррельге аз.

Сухаил Мұхаммед әл-Мазруи, БАӘ Энергетика министрі:

- 2024 жылы мұнай өндірісін қысқарту мәселесі көтерілді. Біріккен Араб әмірліктері бұл бастамаға қосылады.

Абдулазиз бин Салман Әл-Сауд, Сауд Арабиясының Энергетика министрі:

- Біз мұнай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрін жасаймыз.)

Жалпы баррельмен бағаланатын байлықты азайту бойынша әр елдің өз квотасы болады. Сауд Арабиясы үшін бұл тәулігіне 10,478 миллион баррель болса, Ресейге – 9,828 миллион. Бұдан бөлек, саудиттер алдымыздағы шілде айынан бастап қара алтын өндірісін қосымша 1 миллион баррельге қысқартуды көздеп отыр.

Айта кетейік, Мәскеу мен әр-Рияд ОПЕК+ қатысушылары арасындағы ең ірі мұнай экспорттаушы саналады.

Қысқартуын қысқартты. Ал бұдан келер пайда қандай? Жалпы мұнай ойыншыларының көздегені не? 

Естеріңізде болса, былтыр Brent маркалы мұнай 120 доллардан саудаланған еді. Бірақ биыл баға мүлдем басқа болып тұр. Сұраныс та сондай. Әлемдік нарықта қара алтын құны 80 долларға да жетпейді. Санға салсақ, қазір ол 76 доллардан сатылып жатыр. Әдетте қара алтын құны төмендесе, қалың бұқара бірден алаңдай бастайды. Экономикаға орасан ықпалы бар мұнайдың арзандауы экспорттаушы мемлекеттерге аяғын аңдап басу қажеттігін еске салады. Әбжіл әрекеттерді де керек етеді. Сондықтан болса керек, ОПЕК+ елдері төмендеп бара жатқан энергия бағасын қолдау үшін кеше осындай шектеу енгізді. Яғни, мұнай бағасын өсіруге деген кезекті талпыныс.

Эд Морс, сарапшы:

- Тиімді баға қалыптастыруда Сауд Арабиясы сәтсіздікке ұшырады. Нарықта әлі де әлсіз. Бұған бір жағынан 3 ірі тұтынушы тарапынан, яғни Қытай, Еуроодақ пен АҚШ-тан қажетті деңгейде сұраныстың болмауы әсер етсе керек. Басында Қытайдан сұраныс өте жоғары болған еді. Кейін ол мүлдем жоқ азайып кетті. 

ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін бірінші рет қысқартып отырған жоқ. Былтыр бұл ұйым қара алтынды тәулігіне 2 миллион баррельге азайтатынын жариялаған еді. Ал сәуірде жер астындағы қара майды тағы 1,5 миллион баррельге қысқарту туралы шешім қабылдады. Нарықтағы жағдай өзгермесе, квота 2023 жылдың соңына дейін жарамды деп болжанған. Бірақ жаңа айтып өткендей, келісім 2024 жылдың соңына дейін ұзартылып отыр.

Айта кетейік, ОПЕК+ елдерінің келесі кездесуі ағымдағы жылы қарашада өтеді.