Әлем елдері Парижде пластик мәселесі бойынша кездесті
Франция астанасында әлемнің 180 елі пластик қоқысты азайту бойынша бірлескен жоспар дайындауға келісті.
Құжаттың өзін 2024 жылдың соңына таман қабылдау көзделіп отыр. Жаңа келісім-шарт мәселені шеше ала ма?
Париждегі кездесу жер шарымызда пластик қалдығын азайтуды көздеген әлем елдерінің екінші басқосуы болды. Шараға қатысушылар 2040 жылға дейін дүние жүзін пластик қалдықпен ластауды 80 пайызға дейін азайтуға ниетті. БҰҰ келешек шартты Париж келісімінен кейінгі ең маңызды құжат деп отыр.
Джиоти Матур-Филипп, үкіметаралық келіссөз комитетінің атқарушы хатшысы:
- Уақыт аз. Біз пластиктердің қоршаған ортаны ластауын тоқтату үшін тез қимылдауымыз қажет. Әйтпесе тым кеш болады. Бұл істе ынтымақтасып әрекет ету өте маңызды.
Ал әлемде әр секунд сайын қоршаған ортаға 1 жүк көлігіндей пластик қоқыс тасталады екен. Егер ластау осы қарқынмен жалғасса 2050 жылға таман қалдықтан ауаға парниктік газдың тарауы 6,5 гигатонға жетеді. Сол себепті сарапшылар пластик құтыны өңдеу, қайта пайдалану және экологиялық материалдармен алмастыру арқылы күресуді ұсынып отыр.
Ингер Андерсен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры:
- Біз пластик өнімдерді өндіру, пайдалану және қоқысқа тастауға дейінгі барлық кезеңді реттейтін ауқымды құжатты қабылдауға шақырамыз. Бұл мұхиттар мен теңіздердің ластануын алдын алуға мүмкіндік береді.
Кей мемлекеттер өңдеуге келмейтін пластик түрлерін шығаруға тыйым салуды қалайды. Бірақ мұнай-химия саласы кеңінен дамыған АҚШ, Сауд Арабиясы сияқты елдер оларды қайта өңдеуге басымдық берілу керек дейді.
Мариан Ледесма, Greenpeace ұйымының өкілі:
- Экономикасында пайдалы қазбаларды игеру маңызды рольге ие елдер бар. Біз бұл мемлекеттер қоршаған орта мен адамдардың денсаулығын қорғау үшін қажетті шешімдер қабылдайды деп үміттенеміз.
Құжатты талқылау алдағы уақытта жалғасады. Келер басқосу қараша айында Кения астанасы Найробиде өтеді. Онда тараптар әр елдің пластиктен жасалатын өнімдерге қатысты ұстанымын қарастыруды жоспарлап отыр.
Дәурен Ақашұлы, Зауреш Думанкызы