Қазір әлемде туристік маусым қызып тұр

Биыл алғашқы тоқсанның нәтижелері жаман емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Cаяхаттағандар саны пандемияға дейінгі көрсеткіштің 80%-іне жуықтаған. Сарапшылар екінші тоқсанның қорытындысы одан да жақсы болатынын айтады. Мәселен, туристер жиі баратын Египет сәуірде қонақтардың рекордтық санын қабылдаған. Қазір Мысыр билігі демалуға келгендерден алым алу мәселесін қарап жатыр.

 

Туристік алым енгізілуі мүмкін

Египетте туристерден алым алынуы мүмкін. Қазір тиісті заң жобасы қарастырылып жатыр. Егер мақұлданса, жаңа ереже 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонда демалуға барған саяхатшылар елден кетерде салық төлейді. Оның көлемі – 3 еуро. Біздің ақшамен – 1,5 мың теңге. Кейбір өңір үшін оның сомасы екі есе аз. Алым әуе билетінің құнына қосылады. Демек оны бөлек төлеудің қажеті болмайды. Бұдан бөлек, Мысыр билігі азық-түлік пен алкогольдік ішімдік бағасын көтеруге ниетті. Соның нәтижесінде жылына қосымша 150 милилон еуро табыс түсіп отыру керек. Жалпы Египеттің туризм секторы кейінгі уақытта жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Сәуірде мұнда 1 миллион 350 мың саяхатшы демалған. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Ал жалпы биыл мемлекет рекорд орнатуға ниетті. Жоспар бойынша 15 миллион туристі қабылдауы тиіс. Саладағы ең үздік көрсеткіш 2010 жылы тіркелген еді. Ол кезде Мысырда 14 миллион 700 мың саяхатшы демалған. 

 

Туристік алымның шикілігі бар

Таиландта да биыл туристерден алым алынуы мүмкін. Тиісті мәселе қазір талқыланып жатыр. Салық көлемі – 8 еуро. 4 мың теңге шамасында. Жоспар бойынша ол былтыр енгізілу керек еді. Алайда жобаның түсініксіз тұстары көп болып, бірнеше рет шегеріліп, енді міне қыркүйекке дейін кейінге қалды. Алымның көп бөлігі туристік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Сонымен қоса саяхатшылардың медициналық қызметке кететін шығындарын да жабу қарастырылып отыр.

Биыл алғашқы 5 ай ішінде Таиланд 10 миллионнан аса шетелдік саяхатшыны қабылдаған. Жыл қорытындысы бойынша, ол 30 миллионға дейін жетіп қалуы мүмкін. Сөйтіп сектор 2019 жылғы рекордқа жақындап қалған. Ол кезде елге 39 миллион шетелдік турист барған.   

 

Марокко футболшылары туризмге дем берді 

Мароккода да туризм секторы ауыз толытырп айтатындай табысқа қол жеткізді. Биыл сәуірде мұнда бір милиллионнан аса адам демалған. Бұл былтырмен салысытырғанда, 90%-ке көп. Әсіресе Испаниядан барғандар көп. Сөйтіп, жергілікті бюджетке 650 миллион еуро пайда түскен. Туризм  – Солтүстік Африкада орналасқан бұл ел экономикасының басты бағыттарының бірі. Саланың қайта жандануына коронавирусқа байланысты шектеулердің алынып тасталуы әсер еткен. Сонымен қоса былтыр жергілікті футбол құрамасының Катарда өткен чемпионатта жақсы нәтиже көрсетуі де ел танымалдығының артуына септігін тигізсе керек.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.