Канададағы қызыл жалын 10 мыңға жуық га жерді шарпыды
Биылғы жаз оңай соқпай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Орман өрт Канаданы да шарпыды. Соңғы мәлімет бойынша, 9600 гектар алқап жанып кеткен. Бұдан шыққан түтіннен, тіпті көрші АҚШ тұрғындары тұншығып жатыр. Ал Филиппинде жанартау оянды.
Орман күлге айналды
Канада ормандарын шарпыған өртті сөндіру мүмкін болмай тұр. Тамблер жотасынан шығысқа қарай шамамен 10 шақырым жерде басталған қызыл жалын 10 мыңға жуық гектар жерді шарпыды. 150-ге жуық өрт ошағын бақылауға алу қиын тиіп жатыр, - дейді елдің ТЖМ. Өрт Британдық Колумбия, Альберта, Онтарио, Жаңа Шотландия және Солтүстік-Батыс территорияларындағы алқапты қамтыды. Түтін салдарынан Торонто көшелерінде респираторсыз жүру мүмкін емес. Тұншығу, жөтел, тыныс алу жүйесінің нашарлауынан ауруханалар науқастарға толып кетті.
Түтін АҚШ жеріне дейін жетті
Түтін салдарынан АҚШ-тың шығыс жағалауындағы мегаполистерде ауа сапасы күрт нашарлады. Тіпті сапасы ең лас ауа тіркелген әлемдегі 3 қала – Пәкістандағы Лахор, Бенгалдағы Дакка және Вьетнамдағы Ханойдан да шығыс Америка асып түсті. Оған себеп – көрші Канададағы орман өрті. Нью-Йоркте бүгін тұрғындарға респираторлар таратылды.
Филиппинде жанартау оянды
Ал Филиппинде Майон жанартауы оянды. Жергілікті билік 6 шақырым радиуста тұратын тұрғындар үйлерін шұғыл тастап кетуі тиіс деп ескертті. Сарапшылардың болжауынша, алдағы күндері жанартау атқылайды. Жер сілкініп, жартас құлауы әбден мүмкін. Ал Майон – туристердің сүйікті орны. Сонымен қатар Филиппиндегі ең белсенді жанартаудың бірі. Соңғы 4 ғасырда ол 50 рет атқылаған.
Азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп
Қытайға құрғақшылық қаупі төнді. Мамыр айында Шанхайда рекордты температура Цельсий шкаласы бойынша 36 градус ыстық тіркелді. Ал оңтүстікте күн райы 40 градустан асқан. Ауа райының қолайсыздығы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Ыстықтан мал басы азайып жатыр. Бұл өз кезегінде азық-түліктің қымбаттауына әкеледі.
Климаттық өзгерістер қарқын ала береді
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметі бойынша, соңғы 50 жылда тіркелген 12 мың табиғи апаттан 2 миллионға жуық адам опат болды. Өлім-жітімнің 90 %-і дамушы елдерде тіркелген. Ал осы уақыт аралығындағы су тасқыны, дауыл мен дала өртінен болған экономикалық шығын 4 триллион доллардан асты. Ғалымдардың пікірінше, климаттық өзгерістер жыл сайын тек қарқын ала береді.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Әсел Әбдіқалықова.