Сочиде өткен Еуразиялық конгресте су тапшылығы талқыланды
Дүниежүзілік банк сарапшылары Орта Азияда 2040 жылға қарай су тапшылығы сезілетінін айтады.
Салдарынан өңірдегі жалпы ішкі өнім 11%-ке төмендеп, тіршілік нәріне деген сұраныс 3 есе өседі.
Сочиде өтіп жатқан Еуразиялық конгресте су ресурстарының сарқылуы мен су тапшылығының аймақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері талқыланды.
Сочи қаласында 20 елдің өкілдері бас қосып, Еуразия елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады. Еуразиялық конгресс – бұл бизнес, қаржы институттары, сарапшылар және үкіметтер арасындағы ашық диалог алаңы. Кездесуде цифрлық трансформация, көлік инфрақұрылымын дамыту сияқты мәселелер қозғалды. Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» көлік дәліздерінің әлеуетін ашу бағытында бірлескен күш-жігерді пайдалану маңызды екенін ерекше атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің «Ақтау» және «Құрық» теңіз порттары, «Қорғас» орталығы, сондай-ақ Сиань құрғақ портындағы жоспарланған логистикалық орталық әлемдік нарықтарға қосымша қақпа бола алады. Бұл екі ел арасында қарқынды дамып келе жатқан тауар айналымына, сондай-ақ өсіп келе жатқан транзитке толық сәйкес келеді.
Тағы бір маңызды бағыт – бұл ауыл шаруашылығы саласы. Еуразиялық даму банкінің бағалауы бойынша, Еуразиялық аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін іске асыру 10 жылдан кейін 600 млн адамның азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Келешекте аймақтың азық-түлік өнімдерінің экспорты 2 есеге – $74 млрд-қа дейін артуы мүмкін. Әлеуетті іске асыру үшін алдыңғы қатарлы технологиялар мен цифрландыруды енгізуге ерекше назар аудара отырып, бірлескен жобаларға ден қою маңызды.
Михаил Мишустин, РФ премьер-министрі:
- Әлеуетіміз зор. Болашақта іс-әрекеттерімізді үйлестірсек, жоспарды орындаймыз. Ең алдымен, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ сумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Дана Нұржан, тілші:
- Сарапшылардың болжауынша, суға деген қажеттілік 20 жылдан кейін 3 есе өседі. Еуразия аймағында суды пайдаланудың тиімділігі өте төмен, - дейді мамандар. Әлемдік орташа көрсеткіш бойынша, әрбір текше метр су 19 доллар пайда әкелсе, Орталық Азия елдерінде әрбір жұмсалған текше метр су 2,5 доллар пайда әкеледі екен.
Виктор Лебедев, ЕАДБ Стратегиялық жобалар дирекциясының басшысы:
- Орталық Азияда суды пайдаланудың озық технологияларын енгізсек, қазіргі өндіріс деңгейінде суға деген қажеттілік 2 есе азаяды. Яғни, тиімділігі 2 есе жоғары болар еді. Мұнда барлық елдер өте байыпты қадамдар жасап жатыр, барлық жерде ирригациялық каналдар мен жүйелерді жаңғырту бағдарламалары іске асырылып отыр.
Егер заманауи технологиялар дер кезінде енгізілсе, су тапшылығын болдырмауға болады. Дегенмен аймақтағы мұндай толық ауқымды жаңғырту алдағы 10 жылда ондаған миллиард долларды қажет етеді.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.